Қазақстанда коммерциялық жүк көліктерінің ақылы жолдармен жүру тәртібін қайта қарау ұсынылды. Үкіметте жол төлемдерін жетілдіру және автомобиль жолдарын күтіп ұстауға қажетті қаржыны көбейту мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарында ақы төлеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті. Жиында жол инфрақұрылымын жөндеу мен күтіп ұстауды тұрақты қаржыландыру жолдары қарастырылды. Негізгі назар қазақстандық және шетелдік жүк тасымалдаушылардан алынатын төлем жүйесін жетілдіруге аударылды.
Бұл ретте ұсынылып отырған өзгерістер жеке азаматтардың жеңіл көліктеріне қатысты емес.
"Біз автомобиль жолдарын салғанымызбен, оларды күтіп ұстау және жөндеу шығынын бюджет есебінен жабуды жалғастырудамыз. Жол инфрақұрылымы өзін қамтамасыз ететін жүйені құру қажет", – деді Серік Жұманғарин.
Жүк көліктері үшін қандай өзгерістер ұсынылды?
Отырыс барысында жол ақысының тарифтерін қайта қарауға қатысты бірнеше бастама көтерілді.
Сақтандыру саласының тәуелсіз сарапшысы Әйгерім Қарабыйыкоглу Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифтері көрші елдердегі бағалардан ерекшеленетінін атап өтті. Ол тарифтерді өңірлік деңгейге жақындату мүмкіндігін зерделеуді және отандық тасымалдаушыларға жеке шарттар қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ шетелдік жүк көліктері Қазақстан шекарасынан өткен кезде арнайы сақтандыру тетігін қолдану мәселесі көтерілді. Сарапшының пікірінше, мұндай жүйе ауыр жүк көліктерінің жолдарға келтіретін жүктемесін өтеуге және жөндеу жұмыстарына қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Ал «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының бизнес-талдаушысы Фархад Нұркамалов тасымалдаушылар үшін жылдық абонемент енгізуді ұсынды. Бұл тәсіл арқылы көлік компаниялары белгілі бір қашықтыққа арналған жол ақысын алдын ала төлей алады. Нәтижесінде ұзақ бағыттарда жұмыс істейтін тасымалдаушылар шығындарын тиімді жоспарлап, төлем бойынша берешекті азайтуы мүмкін.
Тариф көліктің экологиялық көрсеткішіне байланысты белгіленуі мүмкін
Жиында жол ақысын көлік құралдарының техникалық ерекшеліктеріне қарай есептеу мәселесі де талқыланды.
VIII сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, көлік және логистика саласының сарапшысы Болатбек Нәжіметдинұлы тарифтерді автомобильдердің экологиялық санатына, зиянды шығарындыларының мөлшеріне және жол жабынына түсіретін салмағына қарай саралауды ұсынды.
Бұдан бөлек, қатысушылар ақылы жолдардағы жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық жүйелер арқылы бақылауды күшейтуге назар аударды. Мұндай шара тасымалдың ашықтығын арттырып, жол ақысын төлеу талаптарының сақталуын қадағалауға бағытталған.
Отырыс қорытындысында Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға, салалық бірлестіктер мен бизнес өкілдеріне барлық ұсынысты жан-жақты қарастыруды тапсырды.
Жаңа тетіктерді әзірлеу барысында кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және жолдарды күтіп ұстауға жұмсалатын шығындарды әділ бөлу қажеттігі айтылды.
Ұсыныстар қараша айының соңына дейін дайындалып, жұмыс тобының келесі отырысында талқылануы тиіс.
Айта кетейік, әзірге бұл бастамалар талқылау сатысында. Жеке азаматтардың жеңіл көліктері үшін жол жүру шарттарын өзгерту жоспарланып отырған жоқ.