Қазақстанда жұмысқа кешіккені үшін айыппұл салуға бола ма?
Қазақстанда кейбір жұмыс берушілер қызметкерлердің кешіккені, жұмыс уақытында телефон немесе әлеуметтік желі қолданғаны, тіпті жұмыста қателік жібергені үшін жалақысынан ақша ұстап қалады. Алайда мұндай "айыппұлдардың" бәрі бірдей заңға сай емес, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желі қолданушылары жұмыс орнында кездескен түрлі жағдайларды бөліскен. Олардың арасында кешіккені, телефонға қарағаны, киім үлгісін сақтамағаны немесе жұмыста қателік жібергені үшін ақша төлегендер бар. Мәселен, желі қолданушыларының бірі жаңа жұмыс орнында тағылымдаманың алғашқы күнінен-ақ көптеген айыппұл барын білгенін айтқан. Оның сөзінше, қызметкердің кешігуі, клиентке жымиып қызмет көрсетпеуі, талапқа сай киінбеуі немесе телефонға қарауы да ақша өндіріп алуға себеп болған.
Тағы бір қызметкер кеңседе жұмыс уақытында әлеуметтік желі қолданғаны үшін 35 мың теңге жалақысынан ұсталғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, жұмыс беруші қызметкерлердің әлеуметтік желілерде, WhatsApp пен Telegram-да қашан онлайн болғанын бақылау үшін арнайы адам жалдаған.
Жұмыс беруші айыппұл сала ала ма?
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің түсіндіруінше, ақшалай айыппұл қызметкерге қолданылатын тәртіптік жазаға жатпайды. Сондықтан жұмыс беруші кешіккені, ішкі тәртіпті бұзғаны немесе жұмыста қателік жібергені үшін өз бетінше белгілі бір мөлшерде айыппұл белгілей алмайды. Қазақстанның еңбек заңнамасында тәртіптік жазаның бірнеше түрі қарастырылған. Олар – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс және заңда көрсетілген жағдайларда жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын бұзу.
Сонымен бірге қызметкердің жағдайын Еңбек кодексінде көзделген талаптардан нашарлататын еңбек шартының немесе жұмыс беруші актілерінің талаптары жарамсыз деп танылады. Яғни лауазымдық нұсқаулықта немесе ішкі еңбек тәртібінде "кешіккені үшін 10 мың теңге", "телефон қолданғаны үшін 20 мың теңге" деген тәрізді айыппұл бекіту заңға қайшы.
Жалақыдан қашан ақша ұсталуы мүмкін?
Айыппұл мен жалақыдан заңды негізде ақша ұстауды шатастырмау керек. Еңбек кодексінің 115-бабында қызметкердің жалақысынан қандай жағдайда қаражат ұсталуы мүмкін екені көрсетілген. Мысалы, жұмсалмай қалған іссапар ақшасын қайтару, тиісті келісім болған жағдайда оқуға кеткен шығынды өтеу, жұмыс істелмеген кезең үшін алдын ала төленген ақшаны қайтару сияқты жағдайларда жалақыдан қаражат ұсталуы мүмкін. Заңда тікелей көзделмеген өзге жағдайларда қызметкердің жазбаша келісімі қажет.
Қате тапсырыс пен жетіспеушілікке кім жауап береді?
Еңбек инспекциясы қоғамдық тамақтану орындарында кездесетін жағдайларға да түсініктеме берген. Мәселен, даяшы тапсырысты қате рәсімдесе немесе клиент тағамнан бас тартса, оның құнын қызметкердің жалақысынан бірден ұстап қалуға болмайды.
Еңбек кодексінің 120 және 123-баптарына сәйкес, қызметкерден тек жұмыс берушіге келтірілген нақты әрі дәлелденген тікелей залалды өндіру мәселесі қарастырылуы мүмкін. Бұл үшін қызметкердің кінәсі, заңға қайшы әрекеті немесе әрекетсіздігі және сол әрекет пен келген шығын арасындағы байланыс анықталуы керек.
Асүйде, барда немесе басқа жұмыс орнында тауар жетіспеушілігі анықталса да, оның құнын қызметкерге автоматты түрде төлетуге болмайды. Егер шығын қалыпты өндірістік немесе шаруашылық тәуекелден туындаса, оны қызметкердің мойнына жүктеуге жол берілмейді. Сондықтан жұмыс беруші компанияның ішкі тәртібіне сүйеніп, өз қалауымен тұрақты мөлшерде "айыппұл" белгілей алмайды немесе белгілі бір соманы қызметкердің жалақысынан автоматты түрде шегере алмайды.
Құқығыңыз бұзылса, қайда жүгінуге болады?
Егер жұмыс беруші жалақыдан заңсыз ақша ұстаса, қызметкер Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаментіне шағымдана алады. Өтінішті e-Otinish жүйесі немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы да жолдауға болады. Шағымда жұмыс берушінің атауы мен мекенжайын, жұмыс істеген кезеңді, болған жағдайды және ұсталған ақша көлемін нақты көрсету маңызды. Оған еңбек шарты, есеп айырысу парақтары, банк көшірмелері, хат алмасу және басқа да дәлелдерді қоса тіркеген жөн.
Сонымен қатар барлық еңбек дауын инспекция қарай бермейді. Заңда көзделген кейбір жеке еңбек даулары алдымен келісу комиссиясында қаралады. Тараптар ортақ шешімге келе алмаса, мәселе сот арқылы шешілуі мүмкін.