Қазақстанда жүрек ауруларынан болатын өлім 35%-ға азайды
Бүгін, 29 қыркүйекте Дүниежүзілік жүрек күні атап өтіледі. Осыған байланысты мамандар жүрек-қантамыр ауруларының алдын алуда салауатты өмір салты мен тұрақты медициналық тексерудің маңызын еске салды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жүрек-қантамыр аурулары әлемде өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Дегенмен олардың дамуына әсер ететін бірқатар қауіп факторларын бақылауға болады. Олардың қатарында қан қысымының жоғарылауы, темекі шегу, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, артық салмақ пен қант диабеті бар.
Қазақстанда соңғы бес жылда қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 35,1%-ға, ал сырқаттанушылық деңгейі шамамен 15%-ға төмендеген.
Оң көрсеткіштер 2026 жылы да жалғасып отыр. Биылғы алты айдың қорытындысы бойынша өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттану 2,4%-ға азайды. Артериялық гипертензия көрсеткіші 6,7%-ға, жүректің ишемиялық ауруы 6,6%-ға, ал инсульт 2,3%-ға төмендеген.
Мұндай нәтижелерге кардиологиялық және инсульттік көмекті жүйелі дамыту арқылы қол жеткізілген. Елде мамандандырылған орталықтар желісі кеңейіп, жоғары технологиялық операциялар саны артып келеді. Сонымен бірге жедел медициналық көмек жетілдіріліп, инфаркт пен инсультті емдеудің заманауи хаттамалары енгізілуде.
Дәрігерлер жүрек ауруларының алдын алу үшін қан қысымы мен қандағы қант деңгейін тұрақты бақылауға, профилактикалық тексерулерден өтуге кеңес береді. Сондай-ақ дене белсенділігін арттыру, темекіден бас тарту және дұрыс тамақтану жүрек саулығын сақтауда маңызды рөл атқарады.