Қазақстанда жүрекке операция жасаудың жаңа әдісі енгізілді
Қазақстанда жүрек патологияларын емдеудің жаңа аз инвазивті технологиялары енгізіліп жатыр. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында митральдық қақпақшаны транскатетерлік реконструкциялау бойынша халықаралық мастер-класс өтті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Іс-шараға Қытай ғылым академиясының академигі, Чжэцзян университеті медицина мектебінің Екінші аффилиирленген ауруханасының президенті, профессор Wang Jian’an және ультрадыбыстық диагностика, DragonFly жүйесі мен қақпақшалық интервенциялар саласындағы мамандар қатысты.
Мастер-класс барысында қазақстандық және шетелдік дәрігерлер митральдық қақпақшаны TEER әдісімен емдеудің тәжірибесін талқылады. Бұл технология жүрекке ашық операция жасамай, митральдық қақпақшадағы ақауды аз инвазивті жолмен түзетуге мүмкіндік береді.
Процедура кезінде жіңішке катетер аяқтағы сан венасы арқылы жүрекке жеткізіледі. Арнайы клип митральдық қақпақшаның жармаларын біріктіріп, қанның кері ағуын азайтады. Операция кеуде қуысын кеспей және жасанды қан айналымы аппаратын пайдаланбай жасалады.
Институт мамандарының айтуынша, операция жүректің ультрадыбыстық зерттеуі арқылы бақыланады және контраст енгізуді қажет етпейді. Өңеш арқылы жасалатын УДЗ және митральдық қақпақшаның 3D-бейнесі дәрігерлерге клипті қажетті жерге дәл орналастыруға мүмкіндік береді.
Жаңа әдістің тағы бір артықшылығы – пациенттің тез қалпына келуі. Науқастар процедурадан кейін келесі күні-ақ орнынан тұра алады.
Мастер-класс аясында TEER операциясы ашық жүрекке дәстүрлі операция жасауға қарсы көрсетілімі бар және хирургиялық қаупі жоғары төрт пациентке жасалды.
Мамандардың пікірінше, мұндай тәжірибе алмасу Қазақстанда жүректің құрылымдық ауруларын емдеудің заманауи технологияларын кеңінен енгізуге және халықаралық ғылыми-клиникалық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.