Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Ішкі істер министрлігі қайта тапсыру, жүргізуші куәлігін алу және автокөлікті тіркеуге қатысты бірқатар түзету әзірледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Негізгі өзгеріс емтиханды қайта тапсыру тәртібіне қатысты. Егер үміткер бірінші рет емтиханнан өте алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екінші сәтсіз әрекеттен кейін 10 күнтізбелік күн күту қажет болады.
Ал теориялық немесе практикалық емтиханды үш рет тапсыра алмаған жағдайда, кейінгі әрекеттер ақылы болуы мүмкін.
Сонымен қатар жеңілдік те қарастырылған. Егер азамат теориялық емтиханды сәтті тапсырып, практикалық кезеңнен өте алмаса, теория нәтижесі бұдан былай жойылмайды.
Өзгерістер шетелдік жүргізуші куәліктерін айырбастау тәртібіне де қатысты. Ол үшін теориялық емтиханнан өту қажет болады, ал құжаттың түпнұсқалығын оны берген елдің құзырлы органдары растауы тиіс.
Автокөлікті қайта жабдықтағаннан кейін тіркеу рәсімі де жеңілдетілмек. Бұдан былай көлікті жеке тексеруден өткізу талап етілмейді, қауіпсіздік талаптарына сай өзгеріс енгізілгенін растайтын құжат жеткілікті болады.
Айта кетейік, әзірге бұл – ІІМ әзірлеген түзетулер ғана.