Қазақстанда жүргізушісіз таксиді 2027 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов жүргізушісіз такси қызметі қашан қолжетімді болатынын сұрады.
«Яндекс Қазақстан» компаниясының бас директоры Тимур Шалекеновтің айтуынша, қазір Алматыда алғашқы жүргізушісіз көлік сынақтан өтіп жатыр. Көлік қала көшелерімен жүріп, жол жағдайы туралы дерек жинап, карталарды нақтылауда. Оның сөзінше, коммерциялық тасымалды бастамас бұрын жүргізушісіз көлік сынақ кезінде бірнеше мың шақырым жол жүруі керек. Компания өз технологиясын алдағы Digital Bridge алаңында таныстыруды жоспарлап отыр.
Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев бұл бағытта заңнамалық негіз де әзірленіп жатқанын айтты.
Қазіргі сынақ жобасы қажетті нормативтік-құқықтық құжаттарды дайындауға және жол карталарын нақтылауға мүмкіндік береді. Жоба Астана, Алматы және Қосшы қалаларында жүзеге асырылып жатыр.
Үкімет басшысының нақтылау сұрағына жауап берген Жаслан Мадиев жүргізушісіз таксиді 2027 жылы іске қосу жоспарланғанын мәлімдеді.
Бұған дейін мұндай такси қызметін Қазақстанның үш қаласында енгізу жоспарланып отырғаны хабарланған еді.