Қазақстанда жыл сайын 1,5 мыңға жуық нәрестеге күрделі ота жасалады
Қазақстанда жыл сайын даму кемістіктері бар 1,5 мыңға жуық нәрестеге хирургиялық көмек көрсетіледі. Операциялардың 40 пайызы тіндерді барынша аз зақымдайтын заманауи әдістермен жүргізіледі. Бұл туралы Алматыда өткен халықаралық конференцияда айтылды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Алматыда "Баланың денсаулығы мен дамуы" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аяқталды. Жиынға Ұлыбритания, Аустрия, Дания, Израиль, Беларусь және басқа да елдерден келген ғалымдар, педиатрлар, балалар хирургтері мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары қатысты. Барлығы тоғыз елдің мамандары бас қосты.
Конференцияда балалар ауруларын ерте анықтау, педиатриялық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін үздіксіз жетілдіру мәселелері талқыланды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова елімізде балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Оның айтуынша, басты мақсат – күрделі медициналық қызмет түрлерін Қазақстанның өзінде қолжетімді ету.
"Біздің алдымызға қойған нақты мақсатымыз – жоғары технологиялық медициналық көмектің кез келген түрін еліміздің ішінде қолжетімді ету. Бүгінде клиникаларымызда "Гамма-пышақ" және протондық терапия әдістері қолданылып келеді. Сондай-ақ гибридті операциялық кешен іске қосылды. Оның көмегімен ми ісіктері мен қан тамырлары патологиялары кезінде күрделі хирургиялық араласулар бір операция аясында жүргізіледі", – деді Мағрипа Ембергенова.
Ведомство өкілінің сөзінше, соңғы жылдары жаңа туған нәрестелерге жасалатын операциялардың мүмкіндігі кеңейген. Қазір туа біткен даму кемістіктері бар сәбилерге мамандандырылған медициналық көмек еліміздің барлық дерлік өңірінде көрсетіледі.
Жыл сайын шамамен 1,5 мың нәрестеге операция жасалады. Оның 40 пайызы эндовидеохирургиялық әдіспен орындалады. Бұл тәсіл дәрігерлерге шағын тіліктер арқылы ота жасап, ағза тіндерінің зақымдануын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан астам балаға жүрекке операция жасау және басқа да кардиохирургиялық көмек көрсетіледі. 500 балаға есту қабілетін жақсартуға арналған имплант орнатылады. Ал мерзімінен бұрын дүниеге келген 700-ге жуық сәбиге көздің тор қабығындағы өзгерістерді емдеу шаралары жүргізіледі.
Медицина мекемелерінің мүмкіндіктерін кеңейту нәтижесінде шетелге емделуге жіберілетін балалар саны да азайған.
Соңғы үш жылда туыстық байланысы жоқ донорлардан дің жасушаларын трансплантаттау үшін шетелге жіберілетін балалар саны үш есе қысқарған. Ал жүрекке күрделі операция жасату үшін шетелге баратын балалар саны 5,2 есе азайған.
Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта қалқанша безінің кейбір ауруларын емдеуде қолданылатын радиойодтерапияны енгізуді және қан тамырларының туа біткен ақауларын емдеудің заманауи тәсілдерін қолдануды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, 2027 жылдан бастап шетелде емделуге жіберілетін науқастар санын кезең-кезеңімен тағы 50 пайызға қысқарту көзделген.
Мағрипа Ембергенованың айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін отандық клиникаларды заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу және күрделі операцияларды орындай алатын мамандарды даярлау жұмыстары жалғасады.
Осылайша, министрлік балаларға қажетті күрделі медициналық көмекті ел ішінде көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, шетелдік клиникаларға тәуелділікті азайтуды жоспарлап отыр.