Қазақстанда жыл сайын 130 мыңнан астам травматологиялық операция жасалады
Қазақстанда жыл сайын 3 миллионға жуық адам жарақат пен ортопедиялық ауруларға байланысты медициналық көмек алады. Емханаларда, ауруханалар мен травматологиялық пункттерде пациенттерге кеңес беріліп, тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жылына 130 мыңнан астам шұғыл және жоспарлы операция жасалады.
Кейінгі бес жылда буындарды эндопротездеу операцияларының саны шамамен 50 пайызға артқан. Бұл жоғары технологиялық ортопедиялық көмектің қолжетімді бола түскенін көрсетеді.
2025 жылы елімізде 1,5 мыңнан астам жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген. Сонымен қатар омыртқаға 300-ден астам, ірі буындарға 4,5 мыңнан астам артроскопиялық операция жасалған. Ревизиялық эндопротездеу саны 1 мыңнан асқан.
Мұндай күрделі операциялар заманауи медициналық жабдықты және жоғары білікті мамандарды қажет етеді. Пациенттер үшін бұл қызметтер мемлекет есебінен көрсетіледі. Негізгі жүктеменің едәуір бөлігі Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығы секілді мамандандырылған мекемелерге түседі.
Травматология саласына жаңа технологиялар да кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Олардың қатарында омыртқа хирургиясындағы навигациялық жүйелер, эндопротездеуге арналған роботтандырылған технологиялар, буын ауруларын емдеудің жасушалық әдістері және күрделі операцияларда қолданылатын жеке 3D-импланттар бар.
Өңірлердегі травматологиялық көмекті дамыту да жоспарланған. 2027 жылға дейін аймақтық травматологиялық орталықтар желісін құру, шокқа қарсы бөлімшелерді жаңғырту, шұғыл медициналық көмекті жетілдіру және жарақаттың алдын алу шараларын күшейту көзделіп отыр.
Қазір Қазақстанда 1 500-ден астам травматолог жұмыс істейді. Ел бойынша 81 травматологиялық пункт, 4 мыңнан астам бейінді төсек-орын және травматологиялық көмек көрсететін 260 медициналық ұйым бар.