Қазақстандық WONK білім беру платформасы еліміздегі 33 мектепте пилоттық режимде сынақтан өтті. Бұл туралы компанияның бас директоры Ерсайын Бекболатов BIZDIÑ ORTA подкастында айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін WONK платформасы мұғалімдердің сабаққа дайындалуына, оқу материалдарын әзірлеуіне және оқушылардың білімін тексеруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйеде оқушыларды қолдау, ата-аналарға арналған сервистер және мектеп әкімшілігіне арналған талдау құралдары қарастырылған.
Пилоттық жобаға қалалық және ауылдық мектептер, гимназиялар мен лицейлер қатысты.
Платформаның негізгі мүмкіндіктерінің бірі – мұғалімдердің сабаққа дайындалу уақытын үнемдеу. Оның көмегімен педагогтер сабақ жоспары мен презентация сияқты қажетті материалдарды әзірлей алады.
Әзірлеушілердің мәліметінше, сынақ кезеңінде мұғалімдерден көптеген пікір жиналған. Педагогтер платформаның күнделікті жұмысын жеңілдететінін атап өткен. Компания басшысы жаңа технологияға ауыл мектептерінің де қызығушылық танытқанын айтты. Оның сөзінше, өңірлердегі білім беру ұйымдарында цифрлық құралдарды қолдануға қатысты оң пікірлер байқалған.
«Астана немесе Алматы сияқты ірі қалаларда кездесетін мәселелер ауылдарда да бар», – деді Ерсайын Бекболатов.
Әзірлеушілер алдағы уақытта WONK платформасын Қазақстанның барлық өңіріндегі мектептерде қолдануды жоспарлап отыр.
Бұған дейін Қазақстандағы мектептерді қаржыландыру үдерісін e-Qazyna платформасына көшіру жоспарланып отырғаны хабарланған.