Қазақстандық электрмонтерлер халықаралық жарыста жеңді

Қазақстандық электрмонтерлер халықаралық жарыста жеңді
t.me/Minenergokz

Қазақстандық электрмонтерлер Түркі мемлекеттері арасында өткен халықаралық кәсіби жарыста бірінші орын алды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

21–23 қыркүйек күндері Анкарада «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің 2026 жылғы электр энергиясын тарату желісіндегі үздік командасы» халықаралық байқауы өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Венгрия және Түрікменстанның энергетика саласының мамандары қатысты.

Қазақстан атынан Энергетика министрлігі жасақтаған құрама сынға түсті. Команда құрамына Шымкенттегі «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС мен Ақтөбе облысындағы «Энергосистема» ЖШС мамандары енді.

Жарыс қорытындысында Қазақстан құрамасы бірінші орынды иеленіп, кәсіби шеберлігі мен практикалық дайындығын көрсетті. Бұдан бөлек, отандық мамандар «Ең табысты команда» арнайы номинациясына ие болды.

Байқау TEDAŞ оқу базасында ұйымдастырылды. Қатысушылар электр қондырғыларымен жұмыс істеу, қауіпсіздік талаптарын сақтау және тарату желілерін пайдалану бойынша шеберліктерін іс жүзінде көрсетті.

Сайыстың негізгі тапсырмаларының бірі тарату трансформаторындағы ақаулы жоғары кернеулі сақтандырғышты ауыстыру болды. Мамандар операцияларды белгіленген тәртіппен орындап, жабдықты жерге қосу, сақтандырғышты ауыстыру және қауіпсіздік шараларын сақтау бойынша сынға түсті.

Қатысушылардың жұмысын халықаралық төрешілер бағалады. Бағалау кезінде тапсырманың дұрыс әрі жылдам орындалуы, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және заманауи техникалық шешімдерді тиімді қолдану ескерілді.

Халықаралық байқау түркі елдерінің энергетика мамандары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, қазақстандық электрмонтерлердің кәсіби деңгейін халықаралық деңгейде көрсетуге жол ашты.