BASPASOZТолық нұсқа
Ғылым

Қазақстандық мамандар Қытайда цифрлық жобаларын таныстырды

Дана Зарылханқызы
https://t.me/madenietaqparat
Бөлісу Telegram

Қытайдың Сиань қаласында Жібек жолы халықаралық кітапханалар альянсының оқу семинары өтіп жатыр. Халықаралық жиынға 13 елдің кітапхана саласындағы мамандары қатысуда. Қазақстан атынан Ұлттық кітапхана өкілдері тәжірибе алмасып, отандық цифрлық жобаларды таныстырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Семинардың негізгі мақсаты – кітапхана ісіне заманауи технологияларды енгізу, цифрлық ресурстарды дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану жолдарын талқылау.

Оқу бағдарламасы аясында қатысушыларға сегіз дәріс ұйымдастырылған. Онда электронды кітапхана қорларын қалыптастыру, ақпараттық жүйелерді жетілдіру және жасанды интеллектіні кітапхана қызметіне бейімдеу мәселелері қарастырылып жатыр.

Қытай Ұлттық кітапханасының, жетекші жоғары оқу орындары мен өңірлік кітапханалардың мамандары өз тәжірибелерімен бөлісіп, цифрландыру саласындағы жаңа шешімдерді таныстырды. Жиында генеративті жасанды интеллект технологияларын қолдану, электронды деректер қорын кеңейту және "Жібек жолының цифрлық кітапханасы" халықаралық жобасын іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстандық делегация да отандық кітапхана саласында жүзеге асырылып жатқан технологиялық бастамаларды шетелдік әріптестеріне ұсынды.

Атап айтқанда, ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Нұрлыхан Жұмахан Қазақстанда әзірленген екі цифрлық жүйенің мүмкіндіктерін таныстырды.

Олардың бірі – LibLab платформасы. Бұл жүйе жасанды интеллект көмегімен библиографиялық мәліметтерді өңдеуге арналған. Платформа кітапхана қорындағы ақпаратпен жұмыс істеуді жеңілдетуге және деректерді жүйелеу үдерісін жетілдіруге бағытталған. Ал LABA жүйесі кітапхана қызметіне қатысты статистикалық көрсеткіштерді талдауға мүмкіндік береді. Оның көмегімен кітапхана жұмысының нәтижелерін бағалап, жинақталған деректер негізінде тиімді шешімдер қабылдауға болады.

Халықаралық семинар Қазақстан мен өзге елдердің кітапхана мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, жаңа технологиялар бойынша тәжірибе алмасуға және бірлескен цифрлық жобаларды дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

Мұндай бастамалар кітапхана қызметін жаңғыртып, оқырмандардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға және мәдени мұраны цифрлық форматта сақтауға ықпал етуі мүмкін.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары