Қазақстанға Орталық Азиядағы шетелдік инвестицияның 70 пайызы тиесілі

Қазақстанға Орталық Азиядағы шетелдік инвестицияның 70 пайызы тиесілі
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азия елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімінің шамамен 60 пайызы Қазақстанның үлесінде. Ал өңірге тартылатын шетелдік тікелей инвестицияның 70 пайызға жуығы елімізге тиесілі, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштер Қазақстанның аймақ экономикасындағы маңызды орнын көрсететінін атап өтті.

Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастық аясында жалпы құны шамамен 19 млрд доллар болатын 80-ге жуық коммерциялық келісім жасалды. Президент бұл келісімдер нақты жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын айтып, олардың орындалуын Үкімет бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Сонымен қатар Қазақстан мен Кореяның 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отыр. Тоқаев шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын айтты.

Осы ретте Президент инвесторларға жеңілдіктер қарастыратын Altyn Visa бағдарламасының енгізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажет екенін айтты. Қазір екі ел құны 4 млрд доллардан асатын 51 жобаны бірлесіп жүзеге асырып жатыр.

Тоқаев автомобиль өнеркәсібіндегі көрсеткіштерге де тоқталды. Былтыр Қазақстанда 170 мыңнан астам автокөлік өндіріліп, жалпы өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өскен. Бұл нәтижеге Hyundai мен Kia зауыттары елеулі үлес қосты.

Президент өндірісті жергіліктендіруді арттырып, қосылған құны жоғары технологиялық өнім шығаруға басымдық беру қажеттігін айтты.-