Қазақстаннан Пәкістанға жаңа теміржол бағыты ашылуы мүмкін

Қазақстаннан Пәкістанға жаңа теміржол бағыты ашылуы мүмкін
Gov.kz

Қазақстан, Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірліктері Орталық Азияны Пәкістанның теңіз порттарымен байланыстыратын жаңа теміржол бағытын бірлесіп пысықтамақ, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Қазақстан – Өзбекстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытын қамтитын CASA теміржол жобасы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға Қазақстан мен Өзбекстанның көлік министрліктері және БАӘ-нің Энергетика және инфрақұрылым министрлігі қол қойды.

Жоба Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік байланысын күшейтіп, халықаралық жүк тасымалын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар жаңа бағыт сауда, логистика және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Меморандумға сәйкес, үш елдің мамандары жобаның техникалық және экономикалық мүмкіндіктерін зерттеп, қажетті теміржол желісі мен оған қатысты инфрақұрылымды дамыту жолдарын қарастырады.

Қазақстан мен Өзбекстанның қолданыстағы теміржол желісі мен транзиттік әлеуеті жоба үшін маңызды рөл атқарады. Ал Біріккен Араб Әмірліктері көлік инфрақұрылымы, логистика және ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы халықаралық тәжірибесін ұсына алады.

Тараптар CASA жобасын іске асырудың тиімді тетіктерін анықтау үшін алдағы бірлескен жұмыстың бағыттарын да талқылады.

Соның ішінде жобаның техникалық, экономикалық және қаржылық мәселелерін кешенді зерделейтін арнайы жұмыс тобын құру мүмкіндігі қарастырылып отыр.