Қазақстанның бес өңірінде жылу беріле бастады

Қазақстанның бес өңірінде жылу беріле бастады
https://t.me/KZgovernment

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдерге жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Үкімет отырысында әлеуметтік нысандарға жылуды уақытында беру және энергетикалық нысандардағы жөндеу жұмыстарын аяқтау мәселесі қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Үкімет басшысы кейбір өңірлерде жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен балабақшалар, мектептер, ауруханалар мен емханалар жылумен қамтамасыз етілуі керек. Сондай-ақ Олжас Бектенов нысандардың дайындық паспорттарын алу үшін құжат тапсыру мерзімі аяқталып келе жатқанын айтып, әкімдерге бұл мәселені жеке бақылауда ұстауды тапсырды.

Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың мәліметінше, қазір Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жылу беріле бастады. Апта соңына дейін еліміздің орталық, батыс және шығыс өңірлерінде де жылыту маусымын бастау жоспарланып отыр.

Энергетика нысандарында қысқа қажетті 4,9 млн тонна көмір мен 127 мың тонна мазут қоры дайындалған. Бұдан бөлек, 17 мың шақырым электр желісіндегі жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Төрт қосалқы стансадағы жұмыстар мәресіне таяған.

Жылу желілерінің жалпы дайындығы 99%-ға жетті. Жоспарланған 377 шақырымның 374 шақырымы дайын.

Семей қаласындағы жағдай ерекше бақылауға алынған. Мұнда жылыту маусымына дайындық жоспары әзірге 82%-ға орындалған.

Өңірлердегі жұмысты үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.