Қазақстанның энергетикалық жобаларына 20 млрд доллар инвестиция қажет

Қазақстанның энергетикалық жобаларына 20 млрд доллар инвестиция қажет
Gov.kz

Астанада Қазақстанның әділетті энергетикалық көшу платформасы – QaJET серіктестерінің екінші форумы өтті. Жиынды Энергетика министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі және Еуропалық қайта құру және даму банкі ұйымдастырды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Форумға мемлекеттік органдар, халықаралық қаржы ұйымдары, даму жөніндегі серіктестер, инвесторлар және технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты. Кездесуде QaJET платформасын әзірлеу нәтижелері, басым жобалар тізімін қалыптастыру және оларды қаржыландыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ платформаны 2026 жылғы қарашада Антальяда өтетін COP31 аясында ресми іске қосуға дайындық мәселелері қаралды.

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешовтің айтуынша, Қазақстандағы энергетикалық көшу энергетикалық қауіпсіздық, энергияның қолжетімділігі мен экологиялық тұрақтылық арасындағы теңгерімді сақтауға негізделуі тиіс.

Оның сөзінше, QaJET нақты жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік, халықаралық және жеке сектордың қаржылық және технологиялық мүмкіндіктерін біріктіруге бағытталған.

Платформа Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына және жаңартылған ұлттық климаттық міндеттемелеріне сәйкес әзірленіп жатыр.

QaJET аясында үш негізгі бағыт белгіленген. Олар – электр желілері мен энергия сақтау жүйелерін дамыту, жаңартылатын энергетиканы кеңейту және экономиканың түрлі салаларын электрлендіру. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін шамамен 20 млрд доллар инвестиция қажет.

Жоспар бойынша жаңартылатын энергия көздерінің қуатын 10 ГВт-қа дейін арттыру, электр желілері мен энергия сақтау жүйелерін жаңғырту көзделген. Сонымен бірге көлік, өнеркәсіп және шағын және орта бизнесті электрлендіру жұмыстары жүргізілмек.

Электр энергетикасын 2035 жылға дейін дамыту жоспары бойынша Қазақстанда жалпы қуаты 26 ГВт-тан асатын жаңа генерация нысандарын іске қосу жоспарланып отыр. Оның кемінде 8,4 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болады.

Форум қорытындысында тараптар QaJET аясындағы жобалар тізімін қалыптастыру және оларды қаржыландыру тетіктерін әзірлеу жұмыстарын жалғастыруға келісті. Платформаны COP31 аясында іске қосу жоспарланып отыр.