2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 187,9 млрд долларды құрады. Бұл туралы Ұлттық банктің деректерінде көрсетілген, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жыл басында сыртқы қарыз көлемі 183,1 млрд доллар болған. Алты ай ішінде көрсеткіш 4,8 млрд долларға артқан. Соған қарамастан, сыртқы қарыздың жалпы ішкі өнімге шаққандағы үлесі 59,9%-дан 56,6%-ға дейін төмендеді. Бұған доллармен есептелген жалпы ішкі өнім көлемінің сыртқы қарызға қарағанда жылдамырақ өсуі әсер еткен. Ұлттық банк бұл көрсеткішті есептегенде кейінгі 12 айдағы ЖІӨ көлемін негізге алады.
Сыртқы қарызға мемлекеттің, банктердің және қазақстандық компаниялардың шетелдік кредиторлар алдындағы міндеттемелері кіреді. Ал мемлекеттік қарыз бөлек есептеледі және оған мемлекеттің ел ішіндегі және шетелдегі кредиторлар алдындағы берешегі кіреді. Сыртқы қарыздың ең үлкен бөлігі компаниялар арасындағы берешекке тиесілі. Оның көлемі 86,2 млрд долларды немесе жалпы сыртқы қарыздың шамамен 46%-ын құрады. Бұған қазақстандық кәсіпорындардың шетелдік инвесторлар алдындағы міндеттемелері де кіреді.
Ұлттық банктің Төлем балансы департаментінің директоры Азат Үскенбаевтың айтуынша, компаниялар арасындағы берешектің елеулі бөлігі тікелей шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасын ұзақ мерзімді қаржыландыруымен байланысты. Мұндай қаржы елдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған капитал, құрал-жабдық пен технология түріндегі инвестицияларды қамтиды.
Мемлекеттік басқару органдары мен Ұлттық банкті қамтитын мемлекеттік сектордың сыртқы қарызы 18,6 млрд доллар болды. Бұл – ЖІӨ-нің 5,6%-ы.
Сонымен қатар Ұлттық банктің халықаралық резервтерін қоса есептегенде, мемлекеттің сыртқы активтері 130,8 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш сыртқы міндеттемелер көлемінен 112,2 млрд долларға жоғары.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылғы шілдеде Қазақстанның сыртқы қарызының едәуір бөлігі елде жұмыс істейтін компаниялардың шетелдегі бас ұйымдары алдындағы берешегінен құралатынын түсіндірген еді. Оның айтуынша, елдің қарыз жүктемесін бағалағанда сыртқы қарыздың ЖІӨ-ге шаққандағы үлесіне назар аударған жөн.