Кемел Тоқаев: қазақ детективінің дарабозы
Бүгін, 2 қазан - қазақ әдебиетінде детектив жанрының қалыптасуына үлес қосқан көрнекті жазушы Кемел Тоқаевтың туған күні, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кемел Тоқаев 1923 жылы 2 қазанда Алматы облысының Қаратал ауданында дүниеге келген. Ол - Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы әрі редактор. Қазақ әдебиетіндегі детективтік-оқиғалы жанрдың негізін қалаушылардың бірі ретінде белгілі.
Жазушы 1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Кейін «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің редакцияларында түрлі жауапты қызметтер атқарды. 1960–1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Ведомостарының» бас редакторы болды. 1980–1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі қызметін атқарды.
Кемел Тоқаевтың шығармашылығында детективтік және шытырман оқиғалы туындылар ерекше орын алады. Оның «Түнде атылған оқ», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Соңғы соққы», «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс» секілді шығармалары жарық көрді.
Жазушы соғыс жылдарында майданға қатысып, жараланып елге оралған. Әскери еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, сондай-ақ екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен және басқа да марапаттармен наградталған.
Кемел Тоқаев 1986 жылы өмірден өтті. Оның әдеби мұрасы қазақ детективінің тарихында маңызды орын алады.