«Қияметте жауап бересіңдер»: Ердос Қанаев коучтарды сынға алды
Қазақстандық әнші, «Жігіттер» тобының мүшесі Ердос Қанаев әлеуметтік желіде отбасы мен ажырасу тақырыбын қозғады. Өнер иесі ерлі-зайыптыларды ажырасуға үндейтін коучтар мен түрлі кеңесшілерге қатысты пікірін білдірді, деп Baspasoz.kz тілшісі Malim.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әншінің айтуынша, мұндай кеңестерге ерген адамдардың шешімі тұтас отбасының тағдырына әсер етіп, әсіресе балаларға қиындық туғызуы мүмкін.
«Қолымда билік болса, "коучсымақтар мен данышпансымақтардың" сөзіне сеніп, ажырасып жатқан, сөйтіп бала-шағасын асырай алмай бақытсыз болып жатқан барлық әйелдердің бала-шағасын асырауды солардың мойнына жүктер едім», – деп жазды Ердос Қанаев.
Өнер иесі ажырасқан ер адамдардың кейін қайта отбасын құруына кететін шығынды да осындай кеңес берушілер өтеуі керек деген ойын жеткізді.
«Әйелдерінен айырылған еркектің ендігі үйленетін тойын, қызға берер қалыңмалын – бәрін солардың мойнына жүктер едім. Қияметте жауап бересіңдер», – деді әнші.
Ердос Қанаев – 2003 жылы құрылған «Жігіттер» квартетінің мүшесі. Топ «Арай-2003» республикалық байқауында бас жүлде иеленіп, кейін «Ерке қыз» әні арқылы көпшілікке кеңінен танылды.
Қазір квартет құрамында Бағлан Әбдірайымов, Айдар Байжанов, Ердос Қанаев және Мырзахан Маханов өнер көрсетеді.