Корей компаниялары Alatau City жобаларына қатысады
Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның жетекші компаниялары Alatau City аумағында энергетика, қонақүй және басқа да инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылап жатыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Корея Республикасына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Korea Electric Power Corporation (KEPCO), Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility және Global Green Growth Institute (GGGI) басшыларымен кездесті.
Кездесулерде корей компанияларының Alatau City-ді дамытуға арналған инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға қатысу перспективалары қаралды.
Қанат Бозымбаев Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, жаңа қаланы дамыту үшін заманауи технологиялар, инвестициялар мен халықаралық тәжірибені тартудың маңыздылығына тоқталды.
KEPCO компаниясымен келіссөздер барысында Alatau City-дің энергетикалық инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Компанияның электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жобалауға, қосалқы стансалар салуға және жергілікті электр желілерін ұлттық энергетикалық жүйеге интеграциялауға қатысу мүмкіндігі қарастырылды.
Doosan Enerbility және GGGI өкілдерімен қаланың өз энергия өндіру инфрақұрылымын дамыту мәселесі сөз болды. Негізгі жобалардың бірі ретінде кейіннен сутегі отынына көшу мүмкіндігі қарастырылған, қуаты 2×250 МВт газ электр стансасын салу ұсынылды. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асыру мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City-де L7 by Lotte қонақүйі орналасатын көпфункционалды кешен салу жобасы талқыланды. Инвестиция көлемі 200 млн доллардан асатын жоба 180 нөмірлі қонақүйді, кеңсе орындарын және тұрғын апартаменттерді қамтиды.
Кездесу қорытындысында тараптар жобаларды қаржыландыру мен іске асыру тетіктерін нақтылау бойынша жұмысты жалғастыруға келісті.
Қазіргі таңда Alatau City-дің инвестициялық портфелінде жалпы құны 6,9 млрд доллар болатын 67 жоба бар. Оларды іске асыру 55 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жаңа жобалар қаланың энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, қонақүй, іскерлік және коммерциялық нысандар санын арттыруға бағытталған. Халықаралық инвесторларды тарту өңірдегі іскерлік белсенділікті күшейтіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және қалалық ортаның сапасын жақсартуға ықпал етпек.