Қорғаныс министрлігінің қатып қалған ботқасы туралы хикая: Әзіл ме, шындық па?

Қорғаныс министрлігінің қатып қалған ботқасы туралы хикая: Әзіл ме, шындық па?
фото: видеодан алынған скриншот

Кеше 4 қазанда Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдердің бірінде түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, қызу талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Тараған видеода сарбаздар қатып қалған тамақты көрсетеді. Табақты төңкерсе де ішіндегі ботқа қатқаны сонша төгілмейді. Бұл видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыға түскен соң, Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Ағылтаева facebook парақшасында ресми түсініктеме жариялады.

Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаға қатысты төмендегіні хабарлаймыз.

Бейнежазба Солтүстік Қазақстан облысында әскери міндеттілердің әскери жиынын өткізу кезеңінде түсірілген.

Әскери жиындар барысында әскери міндеттілерді тамақтандыруды Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі тамақтандыру қызметтерін көрсететін ұйымды тарта отырып ұйымдастырды.

22 қыркүйекте оқу-жаттығудың белсенді кезеңі аяқталғаннан кейін жеке құрам тамақтануға келді. Жеке құрамның негізгі бөлігі белгіленген уақытта тамақтанды. Бұл ретте 1-взводтың әскери міндеттілері тамақтануға кешірек келген, соның салдарынан ұсынылған тағамдардың температурасы төмендеген.

Аталған жағдай анықталғаннан кейін жауапты лауазымды тұлға тағамдарды қайта жылыту туралы нұсқау берді. Осыдан кейін әскери міндеттілерге ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұсынылды.

Әскери міндеттілер тарапынан тамақтануды ұйымдастыруға қатысты шағымдар мен өтініштер тіркелген жоқ, - делінген ресми хабарламада.

Министрлік түсініктемесіне қоса берілген видеода әскерилер қатқан ботқа туралы бейнені "жолдастарымызбен әзіл еді" деп сипаттап, түсіндіреді. Ал министрлік "Бұл ретте 1-взводтың әскери міндеттілері тамақтануға кешірек келген, соның салдарынан ұсынылған тағамдардың температурасы төмендеген" дейді.

Бұған дейін Каспий теңізінде болған әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы жағдайдан кейін Президент Тоқаев Қорғаныс министрін қызметінен босатып, жаңа министр тағайындаған еді. Сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі саласын кешенді тексеру үшін арнайы комиссия құрылған.