Құрылтай АИИБ-пен келісімді ратификациялау мәселесін қарайды

Құрылтай АИИБ-пен келісімді ратификациялау мәселесін қарайды
t.me/quryltairesmi

Құрылтайдың алдағы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі (АИИБ) арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасы қаралады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Бұл мәселе Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында күн тәртібіне енгізілді. Депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда талқылайды.

Келісім көлік, энергетика, цифрлық байланыс және басқа да салалардағы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтіп, ұзақ мерзімді инвестиция тартуға бағытталған.

Сонымен қатар депутаттар Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы еуропалық конвенцияны ратификациялау мәселесін қарайды. Құжат қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді жинауға және шетелге заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтаруға мүмкіндік береді.

Бюро отырысында Құрылтайдың бірінші сессиясына арналған негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді. Сондай-ақ Құрылтай Төрағасының жанынан Депутаттық әдеп жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданды.