Құрылтайға Ұлыбритания парламентінің делегациясы келді

Құрылтайға Ұлыбритания парламентінің делегациясы келді
Quryltai.kz

Құрылтай Төрағасының орынбасары Нұрлан Бекназаров Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының депутаты, Қорғаныс жөніндегі арнайы комитеттің төрағасы Тан Дэси бастаған Парламентаралық одақтың Британ тобы делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы парламентаралық байланысты дамыту, стратегиялық әріптестікті нығайту және екі ел парламенттерінің бейінді комитеттері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Нұрлан Бекназаров бұл сапардың маңыздылығына тоқталып, Құрылтай құрылғаннан кейін Қазақстанға келген алғашқы шетелдік парламенттік делегация екенін атап өтті.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, көлік-транзит әлеуетін дамыту, цифрландыру және жасанды интеллект, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты қарастырды.

Сондай-ақ Құрылтай комитеттері мен Ұлыбритания Парламентінің Қауымдар және Лордтар палаталарындағы тиісті комитеттер арасында тікелей диалог орнату ұсынылды. Заң шығару үдерісін цифрландыру және жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі жауапты пайдалану бойынша тәжірибе алмасу мәселесіне де назар аударылды.

Тан Дэси Ұлыбританияның Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, парламентаралық байланыстардың белсенді болуы екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін береді.

Кездесу қорытындысында тараптар парламентаралық диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдірді.