Күзде Қазақстанда қандай вирустар таралуы мүмкін?

Күзде Қазақстанда қандай вирустар таралуы мүмкін?
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда 2026–2027 жылдардағы жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) мен тұмаудың жаңа эпидемиялық маусымы 1 қазанда басталады. Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев алдағы маусымда таралуы ықтимал вирустар туралы айтты, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Маманның мәліметінше, көпжылдық эпидемиологиялық және зертханалық бақылау нәтижелеріне, вирустардың басым түрлерінің өзгеруіне және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тұмауды бақылау жүйесі деректеріне сүйенсек, биылғы маусымда тұмаудың A(H1N1)pdm09, A(H3N2) және B типті Victoria желісінің қатар таралуы болжанып отыр.

Жетісу облысында 2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда 180 897 ЖРВИ жағдайы тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 27 541,5 болды. Бұл алдыңғы маусыммен салыстырғанда 12,3%-ға жоғары. 2024–2025 жылдары өңірде 161 157 жағдай тіркелген.

Асхат Чарапиевтің айтуынша, қазіргі ЖРВИ жағдайы жаңа індеттің белгісі емес, маусымдық аурулардың қалыпты таралуына байланысты. Қазір облыста тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

2025–2026 жылғы маусымда зертханалық жолмен тұмаудың 220 жағдайы расталған. Оның 219-ы A(H3N2), біреуі B типіне тиесілі. Бұдан бөлек, өңірде тұмауға жатпайтын бірқатар вирустар да анықталған. Зерттелген 234 сынаманың 73-інен вирус табылған. Олардың арасында риновирус, респираторлық-синцитиалды вирус, коронавирус, метапневмовирус, парагрипп, бокавирус және аденовирус бар.

ЖРВИ мен тұмау барлық жастағы адамдар арасында кездеседі. Алайда науқастардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Олар жалпы ауырғандардың 67,2%-ын құрайды. Балалар арасында 5–14 жас аралығындағы оқушылар жиі ауырған, олардың үлесі балалар арасындағы жағдайлардың 56%-ына жеткен.

Эпидемиялық маусымға дайындық

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері 26 тамызда ЖРВИ, тұмау және COVID-19 инфекциясының 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымында санитариялық-профилактикалық шараларды жүргізу туралы №11 қаулы қабылдады.

Құжатқа сәйкес, 1 қыркүйектен бастап аурушаңдыққа апта сайын мониторинг жүргізіледі. 1 қазаннан бастап бақылау күн сайын жүзеге асырылады. Сонымен қатар вирустың түрлері қадағаланады. 15 қыркүйектен бастап халықтың тұмауға қарсы иммундау деңгейі жас ерекшелігі мен тәуекел топтары бойынша күн сайын бақыланады.

Алдын алу шаралары туралы ақпарат Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми парақшалары мен әлеуметтік желілерінде жарияланып отырады.

80 мың доза вакцина сатып алынды

Мамандар тұмаудың алдын алудың тиімді тәсілдерінің бірі вакцинация екенін атап өтті. 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы 80 мың доза вакцина сатып алынған. Вакцинаны қыркүйек айында жеткізу жоспарланған. Иммундау Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы арқылы жүргізіледі. Вакцина салдырмас бұрын азамат дәрігердің тексеруінен өтіп, денсаулық жағдайы бағаланады. Осыдан кейін ғана екпе алуға рұқсат беріледі.

Бірінші кезекте вакцинация мына санаттарға жүргізіледі:

- балалар үйлері, қарттар мен мүгедектерге арналған мекемелер және мектеп-интернаттар сияқты жабық ұйымдарда тәрбиеленетін адамдар;

- иммунитеті әлсіреген және жиі ауыратын балалар;

- созылмалы аурулары бар ересектер;

- медицина қызметкерлері;

- жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер.

Мектептерде қандай шаралар жүргізіледі?

ЖРВИ мен тұмау көбейген кезеңде мектептерде оқушылардың денсаулығы күнделікті бақылауда болады. Атап айтқанда, таңертеңгі сүзгі кезінде сабаққа келмеген оқушылардың не себепті болмағаны анықталады. Сыныптар мен қабаттарға қолды өңдеуге арналған антисептиктер қойылады. Егер бір сыныпта бір инкубациялық кезең ішінде оқушылардың 20–30%-ы ЖРВИ-мен ауырса, сыныптағы дәстүрлі сабақ тоқтатылады. Ауруға шалдыққандардың үлесі 30%-дан асқан жағдайда оқушылар онлайн оқуға көшеді.

Вирустан қалай қорғануға болады?

Мамандар вакцинациядан бөлек, аурудың алдын алуға бағытталған күнделікті сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Атап айтқанда:

- ауру белгілері байқалса, дәрігерге уақытылы қаралу;

- дене қызуы көтерілген кезде тынығып, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішу;

- бөлмені жиі желдету;

- қолды сабынмен үнемі жуу;

- жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды майлықпен жабу;

- қажет жағдайда медициналық маска тағу;

- адам көп жиналатын орындар мен бұқаралық іс-шараларға баруды шектеу.

Айта кетейік, 2025–2026 жылдардағы өткен эпидемиялық маусымда Қазақстанда 4,38 млн ЖРВИ жағдайы тіркелген.