Қытайдан халықаралық туристік пойыз Алматыға жетті
Қытайдың Сиань қаласынан жолға шыққан халықаралық туристік пойыз Алматыға келді. Бұл туралы «ҚТЖ» баспасөз қызметі хабарлады, деп Baspasoz.kz тілшісі Informburo.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Пойыз 14 қыркүйекте Сианьнан аттанған. Туристік бағыт Ұлы Жібек жолының тарихи бағытымен Қытайдың солтүстік-батыс өңірлері мен Шыңжаң арқылы өтіп, Қазақстан-Қытай шекарасын Қорғас бекеті арқылы кесіп өтеді.
Жоба екі ел арасындағы туристік байланысты дамытуға және теміржол туризмін кеңейтуге бағытталған. Қазақстан аумағында жолаушыларды тасымалдауды «Жолаушылар тасымалы» АҚ жүзеге асырады. Пойыздың қозғалысы шекаралық рәсімдер мен екі елдің теміржол қатынасын үйлестіру талаптары ескерілген арнайы кесте бойынша ұйымдастырылған.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Ануар Ахметжановтың айтуынша, туристік пойыздарды дамыту компания үшін маңызды бағыттардың бірі. Оның сөзінше, теміржол арқылы қалалар мен өңірлерді, тарихи және табиғи нысандарды біріктіретін туристік бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік бар.
Алматыға келген қытайлық туристер үшін мәдени-танымдық бағдарлама әзірленді. Олар қаладағы Тәуелсіздік монументі, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ, Вознесенск кафедралды соборы, Орталық мешіт, Көк-Төбе, Шымбұлақ және Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейі сияқты көрікті жерлерге барады.
Сиань – Алматы бағытындағы алғашқы халықаралық туристік пойыз 2025 жылы іске қосылған. 2026 жылдың маусымында ұлттық тасымалдаушының пойыздары пайдаланылған алғашқы рейс орындалды. Биылғы сапар – осы бағыттағы екінші рейс.