Қазақстан мен Оңтүстік Корея медицина саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, Маңғыстау облысында жасанды интеллект технологияларына негізделген телемедицина орталығын іске қосты. Жаңа жүйе күрделі ауруларды ерте анықтауға және науқастарға қашықтан медициналық кеңес беруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ақтау қаласында "ЖИ негізіндегі смарт-телемедицина: Корея Республикасы – Қазақстан" тақырыбында халықаралық симпозиум ұйымдастырылды. Іс-шара аясында Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының базасында заманауи Телемедицина орталығы ашылды.
Орталық Оңтүстік Кореядан жеткізілген медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда жасанды интеллект көмегімен инсульт, өкпе аурулары және басқа да күрделі дерттерді ерте анықтауға арналған технологиялар қолданылады.
Халықаралық жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, Әулие Мария халықаралық клиникасының президенті Ко Дон Хён, сондай-ақ екі елдің медицина, технология және IT саласындағы мамандары қатысты.
Симпозиумда сөз сөйлеген Ербол Оспанов Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жұмыстары туралы баяндады. Оның мәліметінше, бүгінде елімізде 20 миллионнан астам азаматтың цифрлық медициналық профилі жасалған. Ал бірыңғай цифрлық инфрақұрылымға 21 мыңнан астам медициналық ұйым қосылған. Жүйе жыл сайын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медициналық қызмет көрсету бағытында 400 миллионнан астам операцияны өңдейді.
"Біздің басты бағытымыз – ЕГМИС жүйесі мен Smart Data Healthcare платформасы негізінде медицинаның бірыңғай цифрлық контурын құру. Жасанды интеллект алгоритмдерін енгізу дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, әрбір қазақстандыққа e-Densaulyq қосымшасы арқылы жеке ЖИ-көмекшісін пайдалануға мүмкіндік береді", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, болашақта мұндай цифрлық көмекші медициналық талдау нәтижелерін түсіндіріп, аурулардың алдын алу жөнінде ұсыныстар бере алады.
Жасанды интеллект қандай ауруларды анықтауға көмектеседі?
Симпозиум аясында қазақстандық және корейлік компаниялар медицинаға арналған жаңа технологияларын таныстырды. Олардың қатарында рентген және басқа да медициналық кескіндерді автоматты түрде талдайтын жүйелер, инсультті ерте анықтауға арналған бағдарламалар, көз түбіндегі патологиялық өзгерістерді диагностикалау құралдары бар.
Сондай-ақ демікпе мен өкпенің созылмалы обструктивті ауруын анықтауға, жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін бағалауға және остеопорозға скрининг жүргізуге арналған цифрлық шешімдер көрсетілді.
Бұдан бөлек, көрмеге шағын рентген аппараттары мен тірек-қимыл жүйесінде ауруы бар науқастардың жағдайын қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект платформалары қойылды.
Шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді болмақ
Жаңа орталықтың басты артықшылықтарының бірі – дәрігерлердің шетелдік және республикалық клиникалардағы әріптестерімен қашықтан кеңесе алуы. Мәселен, күрделі диагноз қойылған жағдайда Маңғыстаудағы дәрігерлер басқа өңірлердегі немесе шетелдегі мамандармен онлайн консилиум ұйымдастырып, науқастың жағдайын бірлесіп талқылай алады.
Бұл мүмкіндік әсіресе шалғай елді мекендерде тұратын тұрғындар үшін маңызды. Жоба өңірдегі тар бейінді дәрігерлер тапшылығының әсерін азайтып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Орталықтың ашылуы барысында корейлік серіктестер телемедицина кабинетін жабдықтауға арналған медициналық техниканы табыстады.
Халықаралық кездесудің соңында Қазақстан мен Оңтүстік Корея өкілдері B2B және B2G форматындағы келіссөздер өткізді. Тараптар медицина саласында бірлескен технологиялық жобаларды жүзеге асыру, жаңа цифрлық шешімдерді енгізу және Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне ұзақ мерзімді инвестиция тарту мүмкіндіктерін талқылады.