Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: күдіктілер анықталды
Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссияның отырысы өтті. Жиында Маңғыстауда болған оқиғаға қатысты алғашқы тергеу шараларының нәтижелері қаралып, оның себептері мен мән-жайын толық анықтау бойынша алдағы жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, адам өліміне байланысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі («Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау») және 465-бабы («Кеме жүргізу қағидаларын бұзу») бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқу-жаттығуды ұйымдастыру және құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде заң бұзушылықтарға жол берді деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталған. Қазір олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Комиссия отырысында оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы да сөз болды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов оның жағдайы тұрақты екенін және өміріне қауіп төніп тұрмағанын хабарлады. Әскери қызметші есін жиған, қажетті медициналық көмек алып жатыр. Оның жанында ата-анасы бар.
Сонымен қатар қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Оларға заңда көзделген мемлекеттік төлемдер мен өтемақылардан бөлек, кәсіпкерлер мен меценаттар тарапынан қаржылай көмек көрсетіледі.
Түскен қаражаттың ашық әрі әділ бөлінуін қамтамасыз ету тапсырылды. Осы мақсатта Маңғыстау облысының әкімдігі арнайы қорды белгілеп, оның жұмысы тұрақты бақылауға алынды.