Мектептерге жасанды интеллект енгізу талқыланды
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас атқарушы директоры Ли Кай-Фумен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өтті.
Тараптар ЖИ технологияларын мектептерде қолданудың практикалық тетіктерін, мұғалімдердің цифрлық дағдыларын жетілдіруді, ауылдық және шағын жинақты мектептерді қолдауды талқылады. Сондай-ақ жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде қауіпсіз әрі жауапты пайдалану мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу аясында Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен Q.AI Limited компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа «Өрлеу» орталығының басқарма төрағасы Ғалымжан Алматов пен Q.AI Limited компаниясының бас атқарушы директоры Дмитрий Мун қол қойды.
Ынтымақтастық 2026–2029 жылдары орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге бағытталған кешенді шаралар жоспарын жүзеге асыруды көздейді. Негізгі басымдықтар қатарында ауыл мектептерін қолдау, педагогтердің цифрлық құзыретін арттыру және ЖИ құралдарын жауапты қолдану бар.
Сонымен қатар Ұлттық білім беру ЖИ-платформасының пилоттық жобасын дамыту жоспарланып отыр. Жоба оқытуды жекелендіруге, мұғалімдер мен оқушыларға цифрлық қолдау көрсетуге, білім нәтижелерін бақылауға және білім беру жүйесін талдауға мүмкіндік бермек.
Министрліктің ұстанымынша, жасанды интеллект мұғалімді алмастыруға емес, оның кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге қызмет етуі тиіс. ЖИ әр оқушының қажеттілігіне бейімделген сапалы білім беруге көмектесетін қосымша құрал ретінде қарастырылады.