Министр Ақмарал Әлназарова донорлық туралы шешімін жариялады

Министр Ақмарал Әлназарова донорлық туралы шешімін жариялады
primeminister.kz

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісімін жариялады. Оның айтуынша, бұл шешімді ол бұрыннан қабылдаған. Енді министр өз таңдауын ресми түрде тіркеуге шешім қабылдаған, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ақмарал Әлназарова бұл туралы министр ретінде емес, азамат ретінде айтып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, өмірдің кез келген кезеңінде адам өзі немесе жақыны үшін осындай шешім қабылдауға мәжбүр болуы мүмкін.

«Қайтыс болғаннан кейін донор болу – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамға көмектесудің бір жолы», – деді министр.

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 184 мың адам eGov арқылы қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге қатысты өз еркін тіркеген. Министрдің мәліметінше, бұл көрсеткіш біртіндеп артып келеді.

Қазақстанда қазір трансплантация кезегінде 4 867 адам тұр. Оның ішінде 4 311 адамға бүйрек, 314 адамға бауыр, 212 адамға жүрек, тағы 30 адамға өкпе трансплантациясы қажет.

Министрдің айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту тек медицина саласына байланысты емес. Бұл бағытта халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі, қоғамдағы ашық пікірталас және әр адамның саналы таңдауы маңызды.