Жеке тұлғалар арасындағы жеке мақсаттағы мобильді аударымдарға салық салынбайды. Бұл туралы 14 қыркүйекте Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп Baspasoz.kz тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Ведомствоның мәліметінше, мобильді аударымдарға жүргізілетін бақылау қарапайым тұрмыстық операцияларға қатысты емес. Негізгі мақсат – тауарлар мен қызметтер үшін төлемді жеке шотқа тұрақты түрде қабылдайтын, бірақ кәсіпкерлік қызметін ресми тіркемеген тұлғаларды анықтау.
Мемлекеттік кірістер департаменті қазақстандықтардың мобильді аударымдарға қатысты жиі қоятын сұрақтарына жауап берді.
Мобильді аударымның өзіне салық салына ма?
Жоқ. Салық аударымның түріне емес, жеке тұлғаның алған табысына салынады. Туыстарына қаржылай көмек көрсету, туған күнге немесе тойға ақша беру, қарызды қайтару, мектеп қажеттіліктеріне қаражат жинау және ортақ шығындарды өтеу сияқты жеке сипаттағы аударымдар табыс болып саналмайды және салық салынбайды.
Қандай жағдайда банктер мәліметті мемлекеттік кірістер органдарына береді?
Банк жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметке арналмаған шотына ақша аударымдары қатарынан үш күнтізбелік айдың әрқайсысында 100 немесе одан да көп әртүрлі адамнан түскен жағдайда мәлімет береді. Сонымен қатар осы кезеңдегі аударымдардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен жоғары болуы керек.
2026 жылы бұл шек 1 020 000 теңгені құрайды.
Егер осы талаптардың кемінде біреуі орындалмаса, ақпарат салық органдарына берілмейді. Мысалы, үш айдың бірінде ақша жіберген адамдар саны 100-ге жетпесе немесе жалпы сома белгіленген шектен аспаса, банк мәлімет ұсынбайды.
Туыстар мен достардан келген аударымдар тексеріле ме?
Жоқ. Отбасы мүшелері, жақын туыстар, достар мен әріптестер арасындағы жеке сипаттағы аударымдар, сондай-ақ сыйлықтар мен қаржылай көмек жеке тұлғаның өз бетінше салық төлеуге жататын табыстарының қатарына кірмейді. Мұндай аударымдардың тұрақты түрде жасалуының өзі бақылауға негіз болмайды.
Хабарлама келген жағдайда не істеу керек?
Банктің мәліметті мемлекеттік кірістер органына беруі азаматқа автоматты түрде салық немесе айыппұл салынады дегенді білдірмейді. Мемлекеттік кірістер органы камералдық бақылау жүргізіп, тиісті хабарлама жібереді. Азаматқа аударымдардың сипатына қатысты түсініктеме беру үшін 30 жұмыс күні беріледі.
Егер қаражат кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс болса, азамат кірісті көрсетуі, тиісті салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуі немесе жеке кәсіпкер не өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде тіркелуі қажет.
Қай кезде мобильді аударым кәсіпкерлік табыс болып саналады?
Егер ақша аударымдары жүйелі түрде түсіп, тауар, жұмыс немесе қызмет үшін төлем ретінде қабылданса, олар кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда төлемдерді кәсіпкерлік қызметке арналған шот арқылы қабылдап, заңнамада белгіленген есеп айырысу тәртібін сақтау ұсынылады.
«Тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Бақылаудың мақсаты – азаматтарды тұрмыстық аударымдары үшін жазалау емес, кәсіпкерлігін заң талаптарына сай жүргізіп отырғандар үшін тең жағдай қалыптастыру», – деп мәлімдеді Мемлекеттік кірістер департаменті.
Картаға түскен барлық қаражатты декларациялау қажет пе?
Жоқ. Декларацияда жеке тұлға өз бетінше салық төлеуге міндетті болатын, Салық кодексінде көрсетілген табыстар ғана көрсетіледі. Ал жеке аударымдар, сыйлықтар мен туыстардан келген қаржылай көмек мұндай табыстарға жатпайды. Мемлекеттік кірістер органдары қазақстандықтарды жеке аударымдар мен кәсіпкерлік табысты ажыратып, коммерциялық қызмет тұрақты сипат алған жағдайда оны заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге шақырды.
Бұған дейін, 4 қыркүйекте, салық органдары кейбір кәсіпкерлерге хабарлама жібере бастағаны белгілі болған. Камералдық бақылау барысында 2025 жыл бойынша жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібімен жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлердің, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілердің кірістерді толық көрсетуіне қатысты сәйкессіздіктер анықталған.