Moody’s халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «Baa1» деңгейінде растады. Рейтинг бойынша болжам – «Тұрақты», деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Агенттік мұндай бағалауға мемлекеттік борыштың төмен деңгейі, қарызға қызмет көрсету мүмкіндігінің жоғары болуы және жинақталған валюталық активтер әсер еткенін атап өтті. Бұл факторлар Қазақстанның фискалдық жағдайының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, сыртқы экономикалық тәуекелдердің ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді.
Moody’s мәліметінше, мұнай өндірісінің төмендеуіне қарамастан, Қазақстан экономикасы өсімін жалғастырып келеді. Экономикалық өсімге өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және басқа да шикізаттық емес салалар елеулі үлес қосып отыр. Сонымен қатар цифрлық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымға салынып жатқан инвестициялар орта мерзімді перспективада экономикалық өсімді қолдауға ықпал етеді. Агенттік шикізаттық емес секторлар алдағы уақытта да өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болады деп бағалайды.
Moody’s салық реформалары мұнайдан тыс бюджет кірістерін ұлғайтып, елдің фискалдық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік беретінін де атап өтті.
Агенттік бағалауынша, экономиканы әртараптандыру, салық реформалары және инфрақұрылымдық инвестициялар Қазақстанның фискалдық перспективаларын жақсартып, экономиканың одан әрі өсуіне жағдай жасайды.