BASPASOZТолық нұсқа
Қоғам

Мүфтият Исматулла Мақсұмға қатысты ресми мәлімдеме жасады

Ақбарыс Жолшыбай
Фото: Facebook / Ағабек Қонарбайұлы
Бөлісу Telegram

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Исматулла Мақсұм мен оның жақтастарына қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

ҚМДБ олардың әрекеті мен діни ұстанымы мүфтияттың ұстанымына сәйкес келмейтінін және діни басқармаға қатысы жоқ екенін хабарлады.

Бұған дейін интернет платформаларында жарияланған бірнеше сұхбатта Исматулла Мақсұмның медреседе қызмет еткен кезеңіне қатысты зорлық-зомбылық туралы айыптаулар айтылған. Бұл мәлімдемелер қоғамда қызу талқылана бастады.

"Исматулла Мақсұм мен оның қолдаушыларының әрекеті мен діни ұстанымы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымына сәйкес келмейді. Олардың ҚМДБ-ға ешқандай қатысы жоқ", – делінген ресми хабарламада.

Мүфтият ислам дінінде адамға зорлық көрсету, қорқыту, мәжбүрлеу және өзгенің ақысына қол сұғу ауыр күнә саналатынын да атап өтті.

Сонымен қатар діни басқарма Қожа Ахмет Ясауидің есімі мен рухани мұрасын жекелеген адамдардың немесе топтардың діни мақсатта теріс пайдалануына жол беруге болмайтынын мәлімдеді.

"Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мұрасы – халқымыздың сан ғасырлық рухани қазынасы. Халқымызды дін атын жамылып, тек өзінің діни ұстанымын дұрыс санайтын, адамды өзіне тәуелді етіп, соқыр сенімге жетелейтін кез келген ортадан сақ болуға шақырамыз", – деп мәлімдеді ҚМДБ.

Діни басқарма қоғамды дін атын жамылған күмәнді орта мен соқыр сенімге жетелейтін әрекеттерден сақ болуға шақырды.

Ақбарыс Жолшыбай
Автордың басқа материалдары