Назарбаевтың ұлы Астана қаласында үйленетіні туралы ақпарат тарады

Назарбаевтың ұлы Астана қаласында үйленетіні туралы ақпарат тарады
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: instagram.com/elbasy_nazarbayev

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлы Тауман Назарбаевтың үйленгелі жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Ulysmedia.kz дереккөздеріне сүйенген мәліметке сәйкес, 21 жастағы Тауманның үйлену тойы Астанадағы The Ritz-Carlton қонақүйінде өтуі мүмкін.

Басылым тойға дайындық аясында қонақүй маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін жазады. Сондай-ақ салтанатты шараға саясаткерлер, ірі кәсіпкерлер және Нұрсұлтан Назарбаев президент болған жылдары жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлғалар шақырылуы ықтимал екені айтылған.

Қалыңдықтың бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі орынбасарының қызы екені хабарланған. Алайда бұл мәліметтерге қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Тауман Назарбаев 2005 жылы дүниеге келген. Оның анасы – 1999 жылғы "Мисс Қазақстан" байқауының жеңімпазы Асель Исабаева, сондай-ақ Асель Құрманбаева есімімен танымал.

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Менің өмірім» атты мемуарында Асель Исабаевамен мұсылмандық дәстүр бойынша некеге тұрғанын жазған. Осы некеден Тауман және Байкен есімді екі ұлы бар.

Тауман Назарбаевтың есімі бұған дейін де БАҚ-та бірнеше рет аталған. 2023 жылы оның сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызы Анадэль Майдановамен құда түскені туралы ақпарат тараған. Кейін Энергетика министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, олардың тек сыныптас болғанын мәлімдеген.

Сондай-ақ 2022 жылы "Азаттық" жариялаған зерттеуде Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі кейбір мүліктің балаларының атына рәсімделгені туралы айтылған. Аталған мәліметтер де журналистік зерттеу аясында жарияланған.