Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) төленетін жарналар азаматтардың жеке есепшотында жинақталмайды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл жүйенің жеке жинақтау емес, ортақ қаржыландыру қағидатына негізделгенін түсіндірді, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қордың мәліметінше, кей азаматтар МӘМС-ті жеке медициналық шот ретінде қабылдайды. Яғни тұрақты түрде жарна төлеген адам кейін сол қаражат көлемінде медициналық көмек алуы керек деп есептейді. Алайда әр адамның денсаулық жағдайы мен емделуге қажеттілігі әртүрлі.
Қазіргі жарна мөлшеріне сәйкес, бір жұмыс істейтін азамат үшін жылына орта есеппен 276 780 теңге түседі. Ал дербес төлеушілер шамамен 51 мың теңге төлейді. Бұл ретте ауыр ауруларды емдеу құны аталған сомадан бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Мәселен, босану түріне қарай медициналық көмектің құны 150 мың теңгеден 400 мың теңгеден асады.
Қымбат емді қажет ететін жағдайларда шығын одан да көп болуы мүмкін. 2025 жылы 124 науқасқа қан түзуші дің жасушаларын аутологиялық трансплантациялау жасалған. Оған 810,6 миллион теңге жұмсалса, оның 743,3 миллионы МӘМС қаражаты есебінен төленген.
Сондай-ақ былтыр ишемиялық инсульт алған 64 781 адамға медициналық көмек көрсетуге 22,45 миллиард теңге бағытталды. Оның 20,52 миллиард теңгесі МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылған.
Геморрагиялық инсульт бойынша 16 010 жағдай тіркеліп, оларды емдеуге 10,22 миллиард теңге жұмсалды. Бұл қаражаттың 8,4 миллиард теңгесі МӘМС есебінен төленді.
Қордың түсіндіруінше, егер медициналық сақтандыру жеке жинақтау жүйесі бойынша жұмыс істесе, ауыр дертке шалдыққан адамның ем шығыны негізінен өз жинағына немесе отбасының қаржысына түсер еді. Оның үстіне ұзақ уақыт емделу кезінде азаматтың жұмыс істеп, табыс табу мүмкіндігі де шектелуі ықтимал.
Сондықтан Қазақстандағы МӘМС жүйесі жинақтау емес, өзара ортақ жауапкершілік қағидатына құрылған. Мемлекет, жұмыс берушілер мен азаматтар төлейтін жарналар бір қорға жинақталып, медициналық көмекке мұқтаж адамдардың емделуіне жұмсалады.
Осыған байланысты азаматтың алатын медициналық көмегінің көлемі оның бұған дейін төлеген жарнасына емес, медициналық көрсеткіштерге байланысты анықталады. Бір адам белгілі бір кезеңде қорға емделуіне қажет сомадан көбірек қаражат аударуы мүмкін. Ал басқа азаматқа өзінің төлеген жарнасынан әлдеқайда қымбат медициналық көмек қажет болуы ықтимал.
Қор жеке жинақ шоттарын енгізу туралы ұсыныстарға да пікір білдірді. Мекеме өкілдерінің айтуынша, азаматтардың өз жарналарының қалай жұмсалатынын және қандай медициналық қызмет алатынын көруге деген сұранысы түсінікті. Алайда қаржының ашықтығын қамтамасыз ету үшін МӘМС-ті жеке жинақтау жүйесіне ауыстыру міндетті емес.
Осы бағытта «халықтық бақылау» тетіктерін енгізу жоспарланып отыр. Қазақстандықтар eGov Mobile және Бірыңғай жеке кабинет арқылы өздеріне көрсетілген медициналық қызметтердің тарихын көріп, қызметтің нақты көрсетілгенін растай алады. Сонымен қатар медициналық көмектің сапасын бағалап, Қорға өтініш жолдау мүмкіндігі беріледі.
Осылайша, азаматтар үшін жарналар мен алынған медициналық қызмет туралы ақпарат жекелендірілген түрде қолжетімді болады. Бірақ төленген қаражат жеке шотта сақталмай, ортақ сақтандыру қорында қала береді.
Қор МӘМС-ті өз еміне ақша жинайтын жүйе емес, күтпеген ауру, жарақат немесе қымбат ем қажет болған жағдайда азаматтарды қаржылай қорғайтын ортақ механизм ретінде қарастыру керектігін атап өтті.