Бүгінде Қазақстанда несие алмайтын адам аз. Алайда кейбір азаматтар қарызын уақытында өтесе, енді бірі қаржылық қиындықтарға байланысты төлемді тоқтатуға мәжбүр болады. Бір қарағанда, мұндай жағдай банк пен нақты қарыз алушыға ғана қатысты мәселе сияқты. Бірақ іс жүзінде төлемнің кешігуі мен несиенің қайтарылмауы басқа клиенттерге де әсер етуі мүмкін. Өйткені банктер несие беру кезінде қарыздың өтелмеу қаупін есепке алып, оны жаңа қарыздардың құнына енгізеді, деп Baspasoz.kz. тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қайтарылмаған несие банкке шығынды қалай әкеледі?
Қазақстандағы банктер халыққа несие беру кезінде әртүрлі қаржы көздерін пайдаланады. Қарыз алушылардың бір бөлігі несиесін қайтармаған жағдайда, банк үшін қаржылық шығын туындайды. Мұндай тәуекелді жабу үшін қаржы ұйымдары арнайы резерв қалыптастыруға міндетті.
1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан банктеріндегі халықтың несие портфелі 26,1 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 90 күннен астам уақыт бойы өтелмеген проблемалық несиелер көлемі 1,9 триллион теңгені құрады. Бұл қарыздардың 60,7%-ы банктер қалыптастырған резервтермен жабылған. Яғни проблемалық несиеден туындайтын шығын алдымен банктің өзіне түседі. Дегенмен банк несие берген кезде тек бүгінгі шығынды емес, болашақта қайтарылмай қалуы мүмкін қарыздарды да алдын ала есептейді. Осылайша кредиттік тәуекел несие саясатының маңызды бөлігіне айналады.
Кредиттік тәуекел несие мөлшерлемесіне қалай әсер етеді?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, банктер несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін қалыптастырған кезде бірнеше факторды ескереді. Олардың қатарында қаржыландыру құны, банктің операциялық шығындары, кредиттік тәуекел және банк маржасы бар. Алайда несие мөлшерлемесінің ішінде «проблемалық қарыздардан болатын шығын» деген жеке бекітілген пайыз жоқ. Мысалы, заңда кредиттік тәуекел міндетті түрде мөлшерлеменің 10 немесе 15%-ын құрауы тиіс деген талап белгіленбеген. Банктер бұл көрсеткішті өздерінің есептеулері мен тәуекел деңгейіне қарай анықтайды. Бұл ретте олар реттеуші белгілеген шекті мөлшерден аспауы керек.
Қаржы сарапшысы Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, несие мөлшерлемесі бірнеше құрамдас бөліктен тұрады.
Оның сөзінше, банктердің несие бағасын анықтауында Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар қаржы ұйымдары қарыздың қайтарылмау ықтималдығын да есепке алады. Халықаралық тәжірибеде бұл көрсеткіш default risk, яғни дефолт немесе қарызды өтемеу тәуекелі деп аталады.
Сарапшының айтуынша, қарыз алушылардың бір бөлігі несиесін өтемеген жағдайда, бұл тәуекел банктің жалпы кредиттік саясатына әсер етеді. Мысалы, мамыр айында қазақстандықтардың жалпы қарызы 24 триллион теңге болса, оның шамамен 10%-ы қайтарылмау қаупі бар қарыз ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда банктер тәуекелді өз есептеулеріне енгізеді. Нәтижесінде проблемалық несиелерден болатын ықтимал шығын жаңа қарыздардың бағасына әсер етуі мүмкін.
Яғни бір адамның несиесін өтемеуі тек оның банкпен қарым-қатынасына ғана қатысты мәселе болып қалмайды. Белгілі бір деңгейде бұл тәуекел кейін несие алатын басқа клиенттердің қарыз құнына да әсер етуі ықтимал.
Басқа елдерде бұл мәселе қалай реттеледі?
Әлем елдерінде несие тәуекелін басқарудың тәсілдері әртүрлі.
АҚШ-та risk-based pricing, яғни тәуекелге қарай баға белгілеу жүйесі кең тараған. Мұнда несие мөлшерлемесі қарыз алушының оны қайтару ықтималдығына қарай белгіленеді. Қарызды өтемеу қаупі жоғары клиентке несие қымбатырақ болуы мүмкін.
Ұлыбританияда банктер кредиттік тәуекелді тек пайыздық мөлшерлеме арқылы реттемейді. Мысалы, тәуекелі жоғары клиенттерге кредиттік картаның лимиті төмендетілуі мүмкін. Ал қысқа мерзімді қарыздар үшін несие құнына арнайы шектеулер қойылған. Олар бастапқы комиссияға, кешіктірілген төлемдерге және қарыздың бүкіл мерзіміндегі жалпы шығынға қатысты.
Еуропалық одақта несие беруші клиенттің төлем қабілетін алдын ала бағалауға міндетті. Сонымен қатар тұтынушылық несие бойынша пайыздық мөлшерлемеге, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне немесе қарыздың жалпы құнына шектеулер енгізілуі мүмкін. Сондықтан банк тәуекелді есепке алғанымен, несие бағасын шексіз көтере алмайды.
Исламдық банкингте тәсіл өзгеше. Мұнда пайызға негізделген кредиттеу қолданылмайтындықтан, қарыздың өтелмеу тәуекелін пайызды арттыру арқылы жабу мүмкін емес. Оның орнына кепіл, тәуекелді бөлісу және қаржыландырудың басқа да шарттары пайдаланылады. Кей жағдайда тәуекел тауардың немесе активтің бастапқы бағасына енгізілуі мүмкін.
Қазақстандағы жағдай қандай?
Қазақстанда да несие құнын реттеуге бағытталған шектеулер бар. 2024 жылғы 20 тамыздан бастап жеке тұлғаларға берілетін кейбір кредиттер мен микрокредиттер бойынша шекті мөлшерлемелер төмендетілді.
Атап айтқанда:
- 45 күнге дейінгі және 45 АЕК-тен аспайтын микрокредиттер бойынша тәуліктік номиналды мөлшерлеменің шекті көлемі 1%-дан 0,3%-ға дейін төмендетілді;
- банктердің кепілсіз тұтынушылық кредиттері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шегі 56%-дан 46%-ға дейін азайтылды;
- кепілмен берілетін кредиттер бойынша ЖТСМ 40%-дан 35%-ға дейін төмендетілді;
- микроқаржы ұйымдарының классикалық микрокредиттері бойынша ЖТСМ 56%-дан 46%-ға дейін қысқарды.
Ресми мәліметке сәйкес, 1 шілдеде Қазақстан банктеріндегі халықтың несие портфелі 25,8 триллион теңге болған. Оның 17,3 триллион теңгесі тұтынушылық кредиттерге тиесілі.
Халықаралық валюта қорының бағалауынша, 2025 жылғы қазанда Қазақстанда тұтынушылық кредит беру көлемінің жылдық өсімі 25%-ға жеткен. Қор мұндай жоғары қарқын үй шаруашылықтарының борыштық жүктемесіне қатысты алаңдаушылық туғызатынын атап өткен. Сонымен қатар 2026 жылғы маусымда халыққа берілетін кредиттердің өсу қарқыны бәсеңдегені айтылды.
Мамандардың пікірінше, несие нарығының тұрақтылығы үшін халықтың шамадан тыс қарыздануына жол бермеу және кредиттік тәуекелдерді бақылауда ұстау маңызды. Өйткені бір қарыз алушының төлем қабілетсіздігі жеке мәселе болып көрінгенімен, мұндай жағдайлар көбейген сайын олардың әсері бүкіл несие нарығына таралуы мүмкін.