BASPASOZТолық нұсқа
Аймақ

Нұра ауданында ауыз су жүйесі жаңғыртылып жатыр

Дана Зарылханқызы
Gov.kz
Бөлісу Telegram

Нұра ауданында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өткен жылы аудандағы барлық ауыл ауыз сумен толық қамтылған. Ендігі міндет – су желілерін жаңғыртып, суды тұрғын үйлерге тікелей жеткізу, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Осындай жобалардың бірі Талдысай ауылында жүзеге асырылып жатыр. Биыл елді мекенде жалпы ұзындығы шамамен 5,4 шақырым болатын ішкі су құбыры желілері қайта жаңғыртылуда. Қазіргі уақытта жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталған.

Талдысай ауылы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рысбай Жүнісовтің айтуынша, су мәселесі 2017 жылдан бері көтеріліп келген. Инфрақұрылымның жеткіліксіздігі ауылға қоныс аударушылар санына және жастардың тұрақтап қалуына әсер еткен.

– Бұл мәселе 2017 жылдан бері көтеріліп келеді. Қажетті жағдайлардың болмауына байланысты адамдар ауылға көшіп келмеді, жастар мұнда тұрақтап қалмады. Енді жағдай өзгеріп келеді, – деді ол.

Қазір Талдысайға еліміздің оңтүстік өңірлерінен отбасылар көшіп келе бастаған. Оларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Су құбырын жаңғырту жұмыстары жергілікті бюджет пен жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауы есебінен жүргізіліп жатыр.

Ауыл әкімі Әсемгүл Нұртаеваның сөзінше, елді мекенде су мәселесі бірнеше жылдан бері өзекті болған.

– Айналамызда жер қойнауын пайдаланушылар жұмыс істейді. Солардың техникасы мен қаржылай қолдауының арқасында су құбырын тартып жатырмыз. Тұрғындар өте риза, – деді ауыл әкімі.

Сумен жабдықтау инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары ауданның өзге елді мекендерінде де жүргізілуде. Балықтыкөл ауылында жаңа пайдалану ұңғымасы бұрғыланып, су құбыры тартылды. Бұл ауылды сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал Малайқұдық ауылында суды тазартуға арналған кешенді блок-модуль орнатылып жатыр. Магистральдық су құбырынан нысан орналасатын жерге дейін қажетті желі тартылған. Қазір мердігер ұйым жабдықтарды жинақтап, монтаждау жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінде Нұра ауданындағы 37 ауылдық елді мекеннің барлығы сапалы ауыз сумен қамтылған.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары