Нұрдәулет Қилыбай ақын Мақсат Ақановқа қатысты пікір білдірді
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Шайыр ауылындағы айтыстан кейін қоғам талқысына түскен ақын Мақсат Ақановқа қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Dalanews.kz жазуынша, бұған дейін әлеуметтік желіде Мақсат Ақановтың айтыс кезіндегі сөзі мен сахнадағы әрекеті сынға алынған. Кейін Халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы оны алты ай бойы өздері ұйымдастыратын айтыстарға қатыстырмау туралы шешім қабылдаған.
Нұрдәулет Қилыбай бұл жағдайды толық зерттемегенін айтып, ақынның талантын жоғары бағалайтынын жеткізді.
"Мақсат талантты жігіт. Екінің бірі ақын бола алмайды. Нақты зерттеп көрген жоқпын, дөрекі сөйлеп, тіл тигізген дегенді естідім. Бәрінің атынан жауап бере алмаймын. Мақсат сахнада сынап, қалжыңға айналдырған болса, кешірер едім. Жеке өз басыма тіл тигізген болса, бір таланты үшін оны кешірер едім", – деді Нұрдәулет Қилыбай.