BASPASOZТолық нұсқа
Саясат

Олжас Бектенов инвестиция тарту жүйесін жетілдіруді тапсырды

Дана Зарылханқызы
t.me/KZgovernment
Бөлісу Telegram

Премьер-министр Олжас Бектенов инвестиция тарту және инвесторларды сүйемелдеу жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында Мемлекет басшысының жаңа инвестициялық циклды іске қосу жөніндегі тапсырмаларын орындау барысы қаралды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Кездесуде инвесторлармен жұмысты жобаның бастапқы кезеңінен бастап іске қосу, кеңейту және қайта инвестиция салуға дейінгі барлық кезеңде күшейту мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ жобаларды іске асыруды жеделдету үшін келісу рәсімдеріне кететін уақытты қысқарту, инвестициялық жобаларды масштабтау және олардың өнімдерін экспортқа шығару бағыттары қарастырылды.

Жиында инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өзара жұмысын жеңілдететін цифрлық құралдарды дамытуға да назар аударылды. Бұдан бөлек, инвестициялық саясатты сыртқы бағытта күшейту мәселелері талқыланды.

Премьер-министрге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың инвесторлармен жұмыс істеу нәтижелері және инвестициялық жобаларды іске асыру көрсеткіштері таныстырылды.

Кеңеске Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі Нұрлан Байбазаров, Президенттің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев қатысты.

Жиын соңында Олжас Бектенов инвестициялық саясат тетіктерін жаңарту қажеттігін атап өтті. Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестиция тарту жүйесін жетілдіруге арналған нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Дана Зарылханқызы
Автордың басқа материалдары