Олжас Бектенов Минскіге ресми сапармен барды
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Беларусь астанасы Минскіге ресми сапармен барды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Сапар барысында Олжас Бектеновті Беларусь Президенті Александр Лукашенко қабылдады. Қазақстан Үкіметінің басшысы оған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілегін жеткізді.
Кездесуде Қазақстан мен Беларусь арасындағы ұзақ жылдарға созылған достық, өзара құрмет пен сенімге негізделген қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ екі ел басшылары арасындағы тұрақты диалогтың ынтымақтастықты одан әрі дамытудағы маңызы атап өтілді.
Бұдан кейін Олжас Бектенов Беларусь Премьер-министрі Александр Турчинмен келіссөз жүргізді. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты күшейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, екі ел арасындағы сауда көлемі өсіп келеді. Өткен жылы тауар айналымы 27,7 пайызға артса, биылғы жылдың алғашқы жеті айында өсім 20 пайызды құраған. Қазақстан Премьер-министрі өзара сауда көлемін одан әрі ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін, соның ішінде теміржол машина жасау саласындағы өнімдерді көбейтуге мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде Александр Турчин Беларусь Қазақстанмен экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы сауда көлемінің тұрақты өсуіне үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысы да ықпал етіп отыр.
Тараптар келіссөз қорытындысында екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін білдірді.