Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 қыркүйекте «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Жиында әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, экологиялық мәдениет, вандализмнің алдын алу, құрылыс сапасы және жол инфрақұрылымы бағыттарындағы жұмыстар қаралды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттау бойынша ұсыныстарын таныстырды. Бірінші кезеңде мемлекеттік қолдаудың атаулы моделіне көшу үшін нормативтік база әзірленеді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар көрсететін әлеуметтік көмектің 13 түрін мұқтаждық деңгейіне қарай төрт санатқа біріктіру ұсынылды.
Мүгедектік рәсімдеу кезінде заңбұзушылықтарды анықтау үшін жасанды интеллект құралдары да қолданылып жатыр. Нәтижесінде медициналық құжаттарды қолдан жасау арқылы мүгедектік белгіленген 167 жағдай анықталған. Тағы 18 647 жағдайда әртүрлі адамдардың деректерінен бірдей мәліметтер табылған.
Денсаулық сақтау саласында 2026 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қаржыландыруға 1,6 трлн теңге, ал МӘМС жүйесіне 1,7 трлн теңге қарастырылған. Сонымен қатар нашар еститін балаларға арналған есту аппараттарын елде өндіру бойынша Жол картасын әзірлеу тапсырылды.
Білім беру саласында 1-4 сыныптардағы 1,4 млн оқушы және әлеуметтік осал санатқа жататын 5-11 сыныптардың 230 мың оқушысы тегін тамақпен қамтылған. Бұл мақсатқа 2026 жылы 210 млрд теңге бөлінген. Мектептерде 4 мыңнан астам «Жасыл клуб» жұмыс істеп, оған 125 мыңнан астам оқушы қатысады.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу ұсынысын таныстырды. Құжат экологиялық ағарту, волонтерлік, елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандыру және табиғи аумақтардың тазалығы бағыттарын қамтиды.
Министрлік мәліметінше, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылып, 7 млн ағаш отырғызылған. Сонымен бірге 2 мыңнан астам волонтерлік жоба іске асырылып, экологиялық тәрбиеге арналған 560 мыңнан астам сынып сағаты өткізілген.
Кеңесте вандализм мәселесі де қаралды. Мәдени мұра нысандары мен табиғи объектілерді бүлдіру фактілері бойынша 11 қылмыстық іс тергелген. Есірткі граффитилеріне қатысты 80 мыңға жуық сурет пен жазу өшірілген. Ішкі істер министрлігі қоғамдық ғимараттар мен құрылыстарға рұқсатсыз жазу мен сурет салуға тыйым енгізуді және бұл талапты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеуді ұсынды.
Құрылыс саласында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын күшейту және әр нысанның сапасын бақылау тапсырылды. Өңірлерде қалалық кеңістікті дамыту бойынша жол карталары бекітілген. Сонымен қатар жаңа Құрылыс кодексінде елді мекендердің сәулеттік келбетін қалыптастыру құралы ретінде дизайн-код қарастырылған.
Жол инфрақұрылымы бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 94%-ы, облыстық және аудандық жолдардың 91%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келеді. Елді мекендер көшелеріндегі бұл көрсеткіш 71%-ды құрайды.
Премьер-министр министрліктер мен әкімдіктерге Президент тапсырмаларын белгіленген мерзімде орындауды, әлеуметтік қолдау мен экологиялық мәдениет бойынша халықпен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.