Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова Париждің 8-ші және 17-ші округтерінің мэрлері Катрин Лекюйе және Жоффруа Булармен кездесті, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және институционалдық реформалар, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған өзгерістер туралы баяндады.
Тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту, Астана мен Париж арасындағы муниципалдық байланысты кеңейту мәселелерін талқылады. Сонымен қатар іскерлік, мәдени және білім беру салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Астана мен Париж арасындағы Ынтымақтастық туралы пактінің бес жылдығы қарсаңында тараптар алдағы кезеңге арналған нақты бағыттарды белгіледі. Кездесу қорытындысында бірқатар ортақ іс-шаралар мен бастамаларды пысықтауға уағдаласты.
Париждің 8-ші округі – Франция астанасының негізгі іскерлік, дипломатиялық және әкімшілік аудандарының бірі. Мұнда Қазақстанның Франциядағы Елшілігі орналасқан. Ал 17-ші округте Қазақстан Елшілігі соңғы үш жыл бойы «Қазақ ауылы» жобасын өткізіп келеді.+