Павлодарда асхана кассирі 7,3 млн теңгені жымқырған
Павлодарда асхана кассирі үш жылға жуық уақыт бойы келушілерден төлемді өз банк картасына қабылдап, мекеме иесіне түскен қаржының бір бөлігін бермеген. Сот материалдарына сәйкес, келтірілген шығын 7,3 млн теңгені құраған, деп Baspasoz.kz тілшісі Kazinform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Әйел асханада 2014 жылдан бастап жұмыс істеген. Алғашында наубайшы болған ол 2020 жылы кассир қызметіне ауысқан. Бұған дейін клиенттердің аударымдары асхана иесінің есепшотына түсіп келген. Кейін салықтық бақылаудың күшеюіне байланысты кәсіпкер мұндай төлемдерді қабылдауды тоқтатқан.
Осыдан кейін кассир клиенттерге төлем жасау үшін өзінің телефон нөмірін бере бастаған. Бақылаудың әлсіздігін пайдаланып, ол 2020–2023 жылдар аралығында түскен қаражаттың бір бөлігін иесіне өткізбей отырған.
Оқиға 2024 жылғы 1 қаңтарда ашылған. Сол күні кассир жұмысқа шықпағандықтан, оның орнына бухгалтер кассаға отырған. Бухгалтер бірнеше клиенттің төлемді кассирдің нөміріне аударып жатқанын байқап, бұл туралы асхана басшысына хабарлаған.
Кейін кассирден банк көшірмесі сұратылып, түскен аударымдар есептелген. Бастапқыда шығын көлемі шамамен 10 млн теңге деп есептелгенімен, кейін нақты сома 7,3 млн теңге болғаны анықталған.
Сотта әйел өз кінәсін мойындаған. Ол үкім шыққанға дейін келтірілген шығынды толық өтеген.
Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны кінәлі деп танып, рақымшылық туралы заңды ескере отырып, 3 жыл 4 ай шартты жаза тағайындады.