Петропавлда «Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің» қорытынды кезеңі басталды

Петропавлда «Мемлекеттік жастар саясаты мектебінің» қорытынды кезеңі басталды
t.me/madenietaqparat

Петропавлда үш күндік «Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» оқыту семинарының бесінші, қорытынды кезеңі басталды. Жыл сайын өтетін жобаны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Семинарға еліміздің әр өңіріндегі жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысуда. Үш күн бойы олар медиа және жасанды интеллект саласындағы сарапшылар мен тренерлерден білім алады.

Оқыту бағдарламасында жастар ресурстық орталықтарының қызметіне жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді енгізу, жастарды қолдау тетіктері, деректерге сүйене отырып шешім қабылдау, өзін таныстыру және тиімді коммуникация құру бағыттары қамтылған.

Қазір Қазақстанда 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Оның 17-сі облыстық, 37-сі қалалық, ал 181-і аудандық деңгейде қызмет көрсетеді. Орталықтар жастарға ақпараттық және консультациялық көмек беріп, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетеді.

«Мемлекеттік жастар саясаты мектебі» жобасының негізгі мақсаты – жастар ресурстық орталықтары мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, жастармен жүргізілетін жұмыстың сапасын жақсарту.