Президент Қазақстан мен Кореяның технологиялық және аграрлық ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея Республикасы арасында жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік мол екенін айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президент Қазақстанда осы бағытты дамыту үшін салалық министрлік құрылып, Alem.ai халықаралық орталығы ашылғанын және екі суперкомпьютер іске қосылғанын атап өтті. Сондай-ақ қуаты 1 ГВт болатын деректерді өңдеу орталықтарын құру жобасы жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Тоқаев Астанадағы Alem.ai базасында «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл бастама технологиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Qazaq AI Research University мамандар даярлай бастағанын айтты.
Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа да тоқталды. Оның мәліметінше, Қазақстан былтыр шамамен 27 миллион тонна астық жинап, агроөнеркәсіп өнімдерін 70-тен астам елге экспорттаған. Экспорт көлемі 7 миллиард долларға жеткен.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кореяның мүмкіндіктерін біріктіре отырып, тамақ өнеркәсібінде бірлескен кластер құруды ұсынды. Жоба өндіріс, өнімді терең өңдеу және оны сыртқы нарықтарға экспорттауға бағытталмақ.
Тоқаев Қазақстанның корей компанияларына өндіріс ашуға, жаңа технологияларды енгізуге және Еуразия нарығына шығуға мүмкіндік беретінін атап өтті.