Мемлекет басшысы саябақта ағаш отырғызу жұмысына қатысып, қоршаған ортаны қорғаудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Президенттің айтуынша, мұндай бастамалар қоғам мен ел үшін маңызды. Ол игі іске атсалысып жүрген жастарды отаншыл азаматтар деп атап, туған жерге деген сүйіспеншілік адамның өз үйі, ауылы мен қаласынан басталатынын жеткізді.
Мемлекет басшысы табиғатты аялау мен қоршаған ортаға ұқыпты қарау халқымыздың дәстүрінде бар құндылық екенін айтты. Оның сөзінше, бұл ұстаным ата-бабадан қалған өсиет әрі кейінгі ұрпаққа жүктелген жауапкершілік.
Президент «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи маңызына да назар аударды. Оның пікірінше, елде экологиялық мәдениетті қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.
«Таза Қазақстан» жобасы тек қоршаған ортаны абаттандыруға бағытталған бастама емес, сонымен бірге елдің болашағына жасалған қадам екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың негізгі мақсаты өскелең ұрпаққа қолайлы әрі таза орта қалыптастыру екенін айтты.