Президент ЖИ-ді реттеуде теңгерім сақтауға шақырды

Президент ЖИ-ді реттеуде теңгерім сақтауға шақырды
t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласын реттеуде қауіпсіздік пен технологиялық дамудың арасындағы теңгерімді сақтау маңызды екенін айтты, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Мемлекет басшысы Қазақстанда цифрлық трансформацияның құқықтық негізі қалыптасқанын атап өтті. Атап айтқанда, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Президенттің сөзінше, ендігі міндет – тәуекелдерді ескеретін тиімді реттеу жүйесін қалыптастыру.

Тоқаев жасанды интеллект саласына шамадан тыс шектеу қоюға болмайтынын айтты. Өйткені мұндай жағдайда перспективалы жобалар, білікті мамандар мен инвестиция басқа елдерге ауысуы мүмкін.

Президент азаматтардың қауіпсіздігіне, құқықтары мен маңызды мүдделеріне қауіп төнген жағдайда талаптар қатаң болуы керектігін, алайда реттеу инновацияның дамуына кедергі келтірмеуге тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамытуда адам капиталы шешуші рөл атқаратынына назар аударды. Оның айтуынша, заманауи деректер орталықтары мен озық технологиялардың болуы өздігінен технологиялық серпіліске кепілдік бермейді. Ол үшін білікті ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлер қажет. Осыған байланысты Қазақстанда ұлттық ғылыми-инженерлік мектеп қалыптастыру міндеті тұр. Бұл бағытта жаңадан ашылған Qazaq AI Research University-ге ерекше рөл беріліп отыр. Университет мамандар даярлаумен қатар, өндіріс пен экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізуі тиіс.

Сондай-ақ жасанды интеллектіні түрлі салаларға енгізуге арналған AI+X моделі қолға алынған. Оның мүмкіндіктерін өндіріс, энергетика, медицина, қаржы және мемлекеттік басқаруда пайдалану көзделіп отыр.

Президент жасанды интеллект адамның интеллектуалдық қабілетін алмастырмауы керектігін де атап өтті. Оның пікірінше, технология оқу мен білім алу үдерісін толықтыратын көмекші құрал болуы тиіс. Жасанды интеллект дамыған сайын білім, сыни ойлау, дербес шешім қабылдау және жауапкершілік секілді адами қасиеттердің маңызы арта түседі.