Президентке Астананы абаттандыру жұмыстары туралы баяндалды
Мемлекет басшысы жауапты мемлекеттік органдар басшыларының атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысын баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары қалада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік жаңартылған.
Жыл соңына дейін тағы 170-тен астам аула мен қоғамдық аумақты ретке келтіру жоспарланып отыр. Олардың қатарында саябақтар, гүлзарлар мен бульварлар бар.
Сондай-ақ Мемлекет басшысына Есіл өзені бойындағы қоғамдық және демалыс орындарын біртұтас жүйеге біріктіру жұмыстары туралы ақпарат берілді. Жоба аясында қаланың әр бөлігіндегі саябақтар, серуендеу және спорт алаңдары өзара байланыстырылып, бірыңғай жасыл белдеу қалыптастырылады.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров «Таза Қазақстан» бастамасы қолға алынғалы бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара өткізілгенін айтты.
Министрдің мәліметінше, аталған жұмыстар барысында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңға жуық заңсыз қоқыс орны жойылған.