QyzPU оқытушылары Apple технологиялары бойынша біліктілігін арттырды

QyzPU оқытушылары Apple технологиялары бойынша біліктілігін арттырды
Gov.kz

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушылары, PhD докторлары Жұлдыз Базаева мен Айнұр Базарбаева Apple компаниясының білім беру бағдарламасы аясында кәсіби сертификаттаудан өтіп, халықаралық сертификаттарға ие болды, деп хабарлайды Baspasoz.kz.

Оқытушылар iTeacher Academy – Apple Authorized Reseller ұйымдастырған арнайы оқу курсында Swift бағдарламалау тілін және мобильді қосымшалар әзірлеудің заманауи әдістерін меңгерді. Бағдарлама барысында педагогтер практикалық тапсырмалар орындап, цифрлық құралдарды білім беру үдерісінде тиімді пайдалану тәсілдерін үйренді.

Алынған білім университеттегі оқу үдерісіне енгізіле бастады. Оқытушылар сабақ кезінде студенттерге бағдарламалау барысын интерактивті түрде көрсетіп, мобильді қосымшалардың прототиптерін нақты уақыт режимінде әзірлеуге мүмкіндік беріп отыр.

Swift — iOS, macOS және iPadOS платформаларына арналған қосымшалар жасауға қолданылатын бағдарламалау тілдерінің бірі. Оны меңгеру студенттердің практикалық дағдыларын жетілдіріп, мобильді қосымшалар әзірлеу бағытындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Оқу бағдарламасында жасанды интеллект құралдарын бағдарламалау кезінде пайдалану мәселесіне де көңіл бөлінген. ЖИ ассистенті пайдаланушы сипаттаған идея негізінде бастапқы код пен қосымша құрылымын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл студенттердің бағдарламалау негіздерін тәжірибе арқылы меңгеруіне жағдай жасайды.

«Apple-дің халықаралық стандарттарына сай білім алып, сертификат иегері атану оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Қазір меңгерген заманауи тәсілдерімізді сабақ барысында студенттерге үйретіп, тәжірибеде қолданып жатырмыз. Swift бағдарламалау тілін меңгеру олардың мобильді қосымшалар әзірлеу бойынша практикалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді», – деді аға оқытушы, PhD Жұлдыз Базаева.

Университет өкілдерінің айтуынша, оқытушылардың халықаралық сертификат алуы цифрлық педагогиканы дамытуға, заманауи IT құралдарын оқу үдерісіне енгізуге және студенттердің практикалық дағдыларын арттыруға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.