«Рақмет» пе, «рахмет» пе: қазақ тіліндегі дұрыс нұсқасы қайсы?

«Рақмет» пе, «рахмет» пе: қазақ тіліндегі дұрыс нұсқасы қайсы?
ЖИ арқылы жасалған

Қазақ тілінде алғыс білдіретін «рақмет» сөзін жазуда екі нұсқа жиі кездеседі. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қолданыстағы емле нормасына сәйкес дұрыс нұсқа «рақмет» екенін түсіндірді, деп Baspasoz.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Тіл мамандарының айтуынша, бұл сөздің «қ» әрпімен жазылуы кейінгі жылдары енгізілген өзгеріс емес. «Рақмет» нұсқасы 1983 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен бекітілген қазақ тілінің негізгі емле ережелеріне енгізілген.

1988 жылы бұл нұсқа алғаш рет орфографиялық сөздікке енген. Кейін 2013 жылғы орфографиялық сөздікте де «рақмет» түрінде сақталды. Осылайша, бұл жазылым қолданыстағы орфографиялық норма ретінде қалыптасты.

Тіл мамандары қазақ орфографиясында сөздерді жазудың бірнеше ұстанымы бар екенін атап өтті. Кей жағдайда сөздің түбірі мен қосымшасының бастапқы тұлғасы сақталса, кейбір сөздердің жазылуы айтылу ерекшелігіне жақындатылады.

Мамандардың пікірінше, жиі қолданылатын сөздердің бірнеше нұсқада жазылуы сауатты жазуға кері әсер етуі мүмкін. Мұндай пікірталас «рақмет» сөзінен бөлек, «қыркүйек/қыргүйек», «шекара/шегара», «көкөніс/көгөніс» нұсқаларына қатысты да жалғасып келеді. Институт өкілдері сөздің дұрыс жазылуын анықтағанда белгілі бір кезеңде қолданыста болған орфографиялық нормаға сүйену қажет екенін атап өтті. Қазіргі таңда 2013 жылғы орфографиялық сөздікте нормативті нұсқа ретінде «рақмет» көрсетілген.

Жаңа орфографиялық сөздік әзірленеді

Қазақстанда қазақ тілінің жаңа орфографиялық сөздігін әзірлеу жоспарланып отыр. Бұл шешім вице-президент Ерлан Қарин, мемлекеттік органдар өкілдері мен тіл мамандары қатысқан талқылаудан кейін қабылданған.

Жаңа сөздікті әзірлеу үшін ғалымдардан арнайы жұмыс тобы құрылады. Дайын жоба кейін ведомствоаралық комиссияның қарауына ұсынылады.

Жаңа сөздіктің қашан жарық көретіні және оған қандай нұсқалар енгізілетіні әзірге белгісіз. Дегенмен тіл мамандары кейбір даулы сөздердің жазылуын қайта қарау мүмкін екенін жоққа шығармайды. Атап айтқанда, «қыркүйек/қыргүйек», «шекара/шегара» және «көкөніс/көгөніс» сөздерінің екі нұсқасын да сөздікке енгізу мәселесі қаралуы мүмкін.