Роналду Португалия құрамасынан шеттетілді деген ақпарат тарады
Португалия футбол федерациясы Криштиану Роналдуды ұлттық құрама ойындарынан уақытша шеттеткені туралы ақпарат тарады. 41 жастағы шабуылшы команданың оқу-жаттығу жиынын өз еркімен тастап кеткені үшін бір айдан алты айға дейін жарыстарға қатысу құқығынан айырылуы мүмкін, деп Baspasoz.kz тілшісі BILD-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Тараған мәліметке сүйенсек, жанжал ұлттық құраманың бас бапкері Жорже Жезуштің шешімінен кейін басталған. Ол алдағы кездесуде шабуылшы Гонсалу Рамушты тағы да негізгі құрамға қосатынын мәлімдеген.
Бұл шешімге көңілі толмаған Роналду Португалия футбол федерациясының президенті Педру Проэнсамен сөйлескен. Артынша Данияға қарсы Ұлттар лигасының ойыны қарсаңында команда орналасқан жаттығу лагерінен кетіп қалған. Осы жағдайдан кейін футболшының әрекетін тәртіптік комитет қарайтыны хабарланды. Федерация ережесіне сәйкес, команданы рұқсатсыз тастап кеткен ойыншыға бір айдан алты айға дейін шеттету жазасы қолданылуы мүмкін.
Кейін Роналду жанкүйерлері мен ұлттық құрамадағы әріптестерінен кешірім сұрағаны айтылды. Ол өз әрекеті үшін жауап беруге дайын екенін жеткізіп, тәртіптік комитет қандай шешім қабылдаса да, оны құрметтейтінін мәлімдеген. Сонымен қатар футболшы Португалия құрамасындағы мансабын аяқтауды жоспарламайтынын атап өткен. Ол алдағы уақытта да ел намысын қорғауға дайын екенін білдірген.
Егер Роналду бір айдан ұзақ мерзімге шеттетілсе, Ұлттар лигасы аясындағы Дания мен Уэльске қарсы матчтарға қатыса алмауы мүмкін.
Әзірге футболшыға берілетін жазаның нақты мерзімі белгісіз. Түпкілікті шешімді федерацияның тәртіптік комитеті қабылдауы тиіс.