Сарыағаш қаласын айналып өтетін жаңа автомобиль жолының құрылысы жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы 102,6 шақырым болатын төрт жолақты жол Іа техникалық санатына сай салынады. Жобаны 2026–2030 жылдары жүзеге асыру жоспарланған, деп хабарлайды Baspasoz.kz.
Құрылыс екі учаскеге бөлінген. Қазір нысанда 470 қызметкер мен 326 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Бүгінге дейін 1,26 млн текше метрден астам жер төсемі төселіп, 36 шақырым аумақта топырақтың құнарлы қабаты алынды. Сонымен қатар су өткізу құбырлары мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған өткелдер салынып, өндірістік базалар мен вахталық қалашықтар дайындалуда.
Бірінші учаске жолдың 0–55 шақырым аралығын қамтиды. Мұнда жобалау жұмыстарының 71%-ы аяқталған. 699,5 мың текше метр жер төсемі төселді. Құрылысқа 296 адам мен 198 бірлік арнайы техника тартылған. Сондай-ақ су өткізу нысандары, ауыл шаруашылығы жолдары салынып, уақытша зертхана мен өндірістік база орналастырылуда.
Ұзындығы 47,6 шақырым болатын екінші учаске 55–102,6 шақырым аралығын қамтиды. Бұл бөліктегі жобалау жұмыстары 60%-ға орындалған. Қазір мұнда 174 қызметкер мен 138 бірлік техника жұмыс істеп жатыр. Мамандар жер төсемін салып, карьерлерді дайындап, су өткізу құрылыстарына қажетті материалдарды жеткізуде.
Жоба бойынша 8 көлік айрығы, 22 көпір, ауыл шаруашылығы техникасына арналған 21 өткел және 223 су өткізу құбыры салынады.
Жаңа жол транзиттік көліктерді Сарыағаш қаласының сыртына шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде қала ішіндегі көлік жүктемесі азайып, қозғалыс қауіпсіздігі мен халықаралық және өңіраралық бағыттардағы қатынас тиімділігі артады.